Асанов "көп сөйлейтін" спикерлерді тоқтатудың амалын тапты

0
1 372

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов республика судьяларының кеңейтілген кеңесінде спикерлерге сөз сөйлеуге 7 минут қана уақыт берді.


Асанов

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов республика судьяларының кеңейтілген кеңесінде спикерлерге сөз сөйлеуге 7 минут қана уақыт берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Жоғарғы Сотта сот төрелігін жүзеге асырудың 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша республика судьяларының кеңейтілген кеңесі өтіп жатыр. Жақып Асанов кеңесті бастамас бұрын, спикерлерге 7 минут қана уақыт берілетінін ескертті.

"Бүгін сөз сөйлейтіндер өте көп болады. Сондықтан мен көп сөйлемеймін. Бір ғана өтінішім бар. Сіздерге жеті минут беріледі, бұл 420 секунд. Осы уақыттан асып кетпеулеріңізді өтінемін. Менің алдымда құрылғы орнатылған, 7 минуттан кейін мен осы батырманы басуға мәжбүр боламын, одан кейін микрофон жұмыс істемейді", - деді ол.

Асанов ондағы мақсат – спикерлердің барлығын тыңдау екенін атап өтті.

"Барлығы дайындалды, қобалжып отыр. Бәрінің де айтары бар, сондықтан оларды осы мүмкіндіктен айырмайық", - деді ол.
Алғашқы болып Республикалық адвокаттар алқасының атқарушы директоры Сергей Сизинцев сөз алды. Өкінішке қарай, Сизинцевке жеті минут жетпей қалды. Бірақ, Жоғарғы сот төрағасы сөзінде тұрды, микрофон сөнді.

"Сергей Васильевич, келісім ақшадан қымбат, бірақ маған сіздің баяндамаңыз өте қызықты болып көрінді. Оны өткізіп, тиісті командаларға жеткізуіңізді сұраймын, оларды жүзеге асырамыз деген үміттемін", - деді Асанов.

Одан кейінгі спикерлерді де Асанов тура 7 минут болғанда, сөзін аяқтатпастан тоқтатып жатты.