Асқар Мамин «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

0
1 659

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшу туралы айтты.


Асқар Мамин «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшу туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстар туралы «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрайымы Әлия Назарбаева, ҚР-ның 2013-2020 жылдарға арналған «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, өңірлерде экологиялық ахуалды жақсарту және «жасыл экономиканы» дамыту шаралары туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев баяндады.

ҚР жаңа Экологиялық кодексі Еуропалық одақ елдерінің тәжірибесі бойынша ең озық қолжетімді технологиялар (ОҚТ) көрсеткіштерін пайдалану арқылы кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуға ынталандыруды көздейді. Мәселен, ЕО елдерінде ОҚТ көшудің арқасында ластаушы заттардың шығарындылары айтарлықтай төмендеді: күкірт диоксиді бойынша 94%-ға, азот тотығы бойынша 69%-ға, қатты бөлшектер бойынша 94%-ға азайды.

Экологиялық реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру аясында ОҚТ бойынша анықтамалықтар әзірленуде. Биыл Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Энергия тиімділігі бойынша анықтамалық жасау жұмысын бастады. 2021-2023 жылдары «Мұнай мен газды қайта өңдеу», «Энергия өндіру мақсатында ірі қондырғыларда отын жағу», «Бейорганикалық химиялық заттар өндірісі», «Цемент және әк өндірісі», «Мұнай мен газ өндіру», «Қара металдар өндірісі», «Түсті металдар өндірісі», «Бағалы металдар өндірісі» анықтамалықтары әзірленеді.

ОҚТ бойынша анықтамалар мен тиісті тұжырымдар ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. 2023-2025 жылдары кешенді экологиялық рұқсат беру үшін дайындық жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылға қарай ластанудың 80%-ы тиесілі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларының 50 ірі кәсіпорнының ең озық қолжетімді технологияларына көшу үшін жағдай жасалады.

Кеңес су ресурстарын пайдалану, қалдықтарды басқару, Төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ барлық өңірлерде экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл экономиканы» дамыту жөніндегі шараларды қарастыруды көздейтін 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.