Әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздарға «кредиттік демалыстар» заңды түрде рәсімделеді

0
521

Заңның күшіне енуі несие бойынша кейінге қалдыру рәсімінің құқықтық негізін қамтамасыз етеді.


Әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздарға «кредиттік демалыстар» заңды түрде рәсімделеді

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісі «Кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.

Парламент Сенатында қаралғаннан кейін ол Мемлекет басшысына қол қоюға беріледі.
2022 жылдан бастап мерзімді қызметтегі сарбаздарға арналған жеңілдік Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында жасалған меморандум негізінде іске асырылып келеді.
Іс жүзінде әскерге шақыру науқаны кезінде әскерге шақырылушылар екінші деңгейдегі банктер мен басқа қаржы институттары алдындағы несиелік міндеттемелермен әскерге барғысы келмейтіндігін айтады.
Меморандум қабылданғанға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары жасалған шарттар бойынша ай сайынғы төлемдерді тоқтатқан жоқ.
Осы жағдайларды ескере отырып, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Микроқаржылық қызмет туралы» және «Коллекторлық қызмет туралы» заңнамалық актілерге түзетулер енгізді.
Оның негізінде банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер мерзімді әскери қызмет өткерудің барлық кезеңінде әскери міндетін өтеп жүрген сарбаздарға негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруды жүзеге асырды.
Заңның күшіне енуі несие бойынша кейінге қалдыру рәсімінің құқықтық негізін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдардың, банктердің, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың арқасында «кредиттік демалыс» автоматты түрде берілетін болады.