Әскери қызметкерлер қызметтік үйді қалай жекешелендіреді

0
1 319

Әскери салада 20 және одан көп жыл еңбек еткен әскерилерге қызметтік үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы қайтарылды.


Әскери қызметкерлер қызметтік үйді қалай жекешелендіреді

ERNUR.KZ. Бүгін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров 2018 жылы қорғаныс саласындағы атқарылған жұмыстар жайлы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Сондай-ақ ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де айтылды.

«Тұрғын үй туралы жаңа заңнамаға сәйкес 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметтік күнтізбемен есептегенде еңбек өтілі 10 жылдан жоғары, бірақ 20 жылға жетпеген әскери қызметкерлерге өзі тұрып жатқан қызметтік үйді қалдық құны бойынша сатып алу құқығы берілген. Дегенмен қызметтік үйлердің жартысы дерлік жабық әскери аймақта орналасқандықтан оларды жекешелендіруге рұқсат етілмейді. Осы мақсатта әскерилерге жекешелендіруге берілетін үймен айырбастау мүмкіндігі қарастырылды», -деді вице-министр.

Оның айтуынша, әскери қызметкерлердің баспана мәселесін шешудің негізгі тетігі - барлық санаттағы мамандар үшін бірыңғай тұрғын үй төлемінің енгізілуі.

«Сонымен қатар әскери салада 20 және одан көп жыл еңбек еткен әскерилерге қызметтік үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы қайтарылды. Ал қызметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз етілген әскери қызметкерлер екінші деңгейлі банктердегі жеке арнайы шоттарына тұрғын үй төлемдерінің 50% аударылады Тұрғын үйлермен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнайы шоттарына тұрғын үй төлемдерінің 100% аударылады», - деді Т. Мұхтаров.

Бұдан бөлек, қорғаныс вице-министрі өткен жылы 2 мыңға жуық әскери қызметкердің баспанамен қамтамасыз етілгенін мәлім еткен болатын.