Әскери қызметшілерге бұрын тоқтатылған бірқатар жеңілдік қайтарылуы мүмкін

0
316

Әскери қызметшілердің қоғамдық көліктерде тегін жүруі қайтарылуы мүмкін.


Әскери қызметшілерге бұрын тоқтатылған бірқатар жеңілдік қайтарылуы мүмкін

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. 2025 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік күштік құрылымдар қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеу жаңа жүйемен жүргізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықовтың жауабында айтылған, деп жазады inform.kz.

«Бүгінгі күні Үкімет мемлекеттік күштік құрылымдар қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеудің жаңа жүйесіне көшуін қолдады. Оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 кезеңмен (2025-2026 жылдары) жүзеге асыру жоспарланған. Оған толық көлемде өту барысында Қарулы күштердің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақылары орташа 50 пайызға өседі», - деді генерал-майор.

Сондай-ақ, Бақытбек Сыдықов әскери қызметшілерге бұрын тоқтатылған жеңілдіктерді қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтеді.

Олар мыналар:

- әскери қызметшілерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемақыны отбасының әрбір мүшесіне төлей отырып, оның көлемін өзгерту;

- әскери қызметшілер мен оның отбасы мүшелерінің жылына бір рет демалыс орнына бару және қайтуы үшін жол жүру ақысының тегін болуын қайтару;

- әскери қызметшілердің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қайтару;

- әскери қызметшілердің жауынгерлік, жұмылдыру және жедел дайындық бағдарламалары бойынша 1 тәуліктен артық далалық жағдайларда болуы барысында, сондайақ арнайы далалық жұмыстарды орындау барысында тәуліктік норманың 60 пайыз есебінен далалық ақшалай үлесті қайтару.