Әскерилерге қашықтан бақылайтын білезіктер берілуі мүмкін

0
533

ІТ-тәсілдерді қолданудағы басты мақсат – жауынгерлердің бүкіл қозғалысын орталықтан бақылап отыру.


Әскерилерге қашықтан бақылайтын білезіктер берілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Әскерилер арасындағы суицидпен күресу үшін ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамына қашықтан бақылайтын білезіктер берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз қазақстандық ІТ-компанияларды тарттық. Олар әскери бөлімдерді бейнекамерамен жабдықтауға көмектесуі керек. Сондай-ақ жуықта қазақстандық бір кәсіпорын білезік технологиясын ұсынды. Ол білезік арқылы әр жауынгердің тамыр соғысын, жағдайын қадағалап отыруға болады. Оталық пункт арқылы мониторинг жасап, қай сарбаздың қай жерде жүргенін, жағдайы қалай екенін біліп отыруға болады. Сонымен бірге жан-жақты анализ арқылы суицидке бейім жауынгерлерді анықтай алатын ІТ-шешімдер бар», - деді вице-министр.

Дархан Ахмедиевтың айтуынша, ІТ-тәсілдерді қолданудағы басты мақсат – жауынгерлердің бүкіл қозғалысын орталықтан бақылап отыру.

«Әскердің тамыр соғысы мен орналасқан дерін көрсетіп тұратын білезіктер бар екенін айттым. Яғни, білезікті ақпарат таратуын тоқтатса, датчигі қай тұста өшірілгенін біле аламыз. Командирлер сол тұсқа шұғыл барып, не болып жатқанын анықтай алады. Суицидке бейімділікті тексеретін психологиялық тестер бар. Бүгінде осы шаралар қолға алынып жатыр»,- деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ ол кейінгі кезде жиілеп кеткен әскерилер арасындағы өлім-жітімнің себептерін арнайы топ зерттеп жатқанын еске салды.

«Не істеліп жатыр дегенге келсек, біріншіден, кешенді жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына біздің және өзге де ведомстволардың қызметшілері, азаматтық қоғам өкілдері кіреді. Жұмыс тобы негізге алатын бағдарлама әр жағдайдың себебін егжей-тегжей қарайды. Яғни, бірнеше жылдың тәжірибесі зерттеледі. Бір кездері әскердегі суицидке себепкер болған триггер кейін сейілді ме, жоқ па, зерделенеді. Жеке құраммен ай сайын жұмыс жүргізіледі. Батальон командирлерінің тәрбие жөніндегі орынбасарлары өзіндегі жеке құрамға нұсқау жұмыстарын жүргізеді», - деп толықтырды ол.

Министрліктің дерегі бойынша, биыл Қарулы күштерде 7 суицид әрекеті тіркеліп, төртеуі қайғылы аяқталған.