Вице-премьердің айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірге этномәдени бірлестіктерге бөлінетін мақсатты гранттардың тақырып аясын кеңейту мәселесін қарастырып жатыр.
ERNUR.KZ. Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында этномәдени бірлестіктердің жастарына берілетін грант бағыттары көбейетінін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Президенттің тапсырмасын орындау аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының мақұлдауымен Жол картасын әзірледі. Соның аясында бүкіл өңірге этномәдени және ұлтаралық коммуникацияны дамытуға бағытталған басқа да қоғамдық бірлестіктерге берілетін мемлекеттік тапсырыс пен грант арқылы қаржыландыру көлемін қайта қарау тапсырылды. Ол тапсырыстар мен грант конкурстарына бүкіл республикалық, өңірлік және жергілікті этномәдени бірлестіктер қатыса алады», - дейді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьердің айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірге этномәдени бірлестіктерге бөлінетін мақсатты гранттардың тақырып аясын кеңейту мәселесін қарастырып жатыр.
«Министрлік этномәдени бірлестіктердің жастарына берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының бағыттарын кеңейту мәселесін қарап жатыр. Осы жұмыстардың аясында ҚХА этномәдени бірлестіктері жастарына арналған гранттардың бағыттарын 5-тен 7-ге дейін ұлғайту (мемлекеттік тілдің танымалдығын арттыру, ұлтаралық қарым-қатынасты үндестіру және т.б.) ұсынылып отыр», - деп жазылған жауапта.