6 адамнан тұратын қылмыстық топ анықталды.
ERNUR.KZ. Астана халықаралық әуежайында жүк ұрлығымен айналысқан топ ұсталды, деп жазады inbusiness.kz.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің мәліметінше, Астана қаласының халықаралық әуежайында соңғы уақытта жолаушылардың чемодандарын рұқсатсыз ашып, ондағы ақшалай қаражатын, алтын бұйымдарын және басқа да бағалы заттарын ұрлау жағдайларының өсуі тіркелген.
"Мәселен, 2023 жылдың тамызында "Астана-Ыстамбұл" бағытының жолаушысы ұшып келгеннен кейін чемоданынан 19 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражатының жоғалғанын анықтады. Жол жүгінен 7 800 АҚШ долларын ұрлау туралы дәл осындай өтініш "Астана-Дубай" бағытындағы әуе рейсінің жолаушысынан да келіп түсті", делінген хабарламада.
Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен әуе айлағында жүк тиеуші болып жұмыс істеген 6 адамнан тұратын адамдар тобын ұсталды.
"Ұсталғандар өз кінәларын мойындады. Ақшалай қаражаттың бір бөлігі алынып, иелеріне қайтарылды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, күдікті тұлғалардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Сонымен қатар, тергеу органы ҚПК-нің 200-бабы тәртібінде елордалық әуежайға қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізді, бұл "соқыр зоналарды" алып тастау, қызметкерлерге қойылатын талаптарды қатаңдату және басқа да шаралар", дейді құқық қорғау органдарының мамандары.