Астана маңындағы патша қорғанында қазба жұмыстары басталды

0
1 714

Бұл қорған қазіргі заманғы мегаполистің аумағында сақ дәуірінде де тіршіліктің болғанына дәлел бола алады.


Астана маңындағы патша қорғанында қазба жұмыстары басталды

ERNUR.KZ. Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен елорданың жанындағы патша қорғанында қазба жұмыстары қолға алынды, деп жазады Zakon.kz.

Бұл қорған қазіргі заманғы мегаполистің аумағында сақ дәуірінде де тіршіліктің болғанына дәлел бола алады.

Қорымды зерттеу жұмыстарын үйлестіруші – Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы. Қазба жұмыстарын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Есіл археологиялық экспедициясы жүргізеді. Археологтар екі апта бойы тынымсыз еңбек етуде. Зерттеу жұмыстары барысында қорғанның жоғарғы қабатындағы бастапқы 7 қабір (яғни, ең ертедегі) ашылды. Жерлеу рәсімі бойынша зираттар 15-16 ғғ. жатқызылды.

Айта кетейік, олар мұсылман дәстүрімен жасалған. Екі моладан әшекейлер табылды, оның ішінде қола сырға мен күміс жіп те бар. Ал қыздың қабірінен неке жүзігі табылды. Ол оны оң қолына киген екен.

Қорған Қарағандыға баратын жолда Күйгенжар шатқалында орналасқан. Қазіргі кезде сақтар қорғанының шетінде қазақ зираты бар.

Таспен жабылған қорғанның биіктігі 4 м, диаметрі – 60 м. Оның гранит плиталары Нұра өзенінің жағасынан алынғаны белгілі.