​Астана тұрғыны жалған ақшаға ұялы телефон сатып алған

0
1 223

Зардап шегушінің түсініктемесі бойынша, бейтаныс жас жігіт одан ұялы телефон сатып алып, ақысына жалған ақша төлеген.


​Астана тұрғыны жалған ақшаға ұялы телефон сатып алған

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Степногор қаласында жалған ақшаға ұялы телефон сатып алған астаналық ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегінше, 7 қаңтар күні Степногор қалалық ПБ кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, алаяқтық құрбаны болғанын айтқан. Зардап шегушінің түсініктемесі бойынша, бейтаныс жас жігіт одан ұялы телефон сатып алып, ақысына жалған ақша төлеген. Осының салдарынан ұялы телефон иесіне 70 мың теңге көлемінде шығын келген.

«Жедел іздестіру шарасы барысында тәртіп сақшылары Астана қаласының 23 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Күдікті қылмысын бірден мойындады. Оның сөзінше, ақшаның жалған екенін білмеген. Қазіргі таңда тексеріс жүргізіліп, жалған ақша сараптамаға жіберілді», деп түсіндірді ведомстводан.

Осыған орай, полицейлер облыс тұрғындарына жалған ақшаға қатысты барлық әрекет заңмен қудаланатынын ескертуде.

«Егер сіздің қолыңызда жалған ақша болса, онда оны өткізуге тырыспаңыз. Бұл кезде өзіңіз де қылмысқа қатысы бар адамға айналасыз», деп толықтырды ведомстводан.