Бұған дейін 27 жастағы күдікті екі ай ақша тасымалдаумен айналысқан.
ERNUR.KZ. Астанада бұрынғы инкассатор банкоматтан ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп жазады sputnik.kz.
Ұрлық биыл тамыз айында жасалған. Бес айға жуық уақыттан кейін жүргізілген ревизия барысында 3 млн 760 мың теңге мөлшерінде ақша жетпейтіні анықталды.
"Бейнебақылау камераларын қарап шыққан тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түскен. Бейнежазбада таңғы уақытта бетін жауып алған ер адамның банк филиалы ғимаратына қалай кіргені көрсетіледі. Ол банк аппаратын ашып, қолма-қол ақша салынған дискілерді алып кеткен", - дейді ведомстводағылар.
Ұрлыққа бұрынғы инкассатордың қатысы бар екені белгілі болды. Бұған дейін 27 жастағы күдікті екі ай ақша тасымалдаумен айналысқан. Жұмыстан шыққаннан кейін банкоматтың кіру кодтарын білетіндіктен ақша ұрлауға бел буған.
Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ер адам кінәсін мойындады.