​Астанада көмір бағасы тұрақты болады

0
1 326

Осы жылдың 19-26 қазан аралығында шаһарға 174 вагон немесе 12059 тонна көмір жеткізіліпті.


​Астанада көмір бағасы тұрақты болады

сурет:7kun.kz

ERNUR.KZ. Қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуникалдық шаруашылық басқармасына қарасты отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов елордаға 4253 тонна көмір жеткізілгенін айтты, деп жазады Baq.kz.

Оның айтуынша, осы жылдың 19-26 қазан аралығында шаһарға 174 вагон немесе 12059 тонна көмір жеткізіліпті.

«Оның 64 вагоны Шұбаркөлден, 26 вагон Қаражырадан, 56 вагон Майкүбіден, 22 вагон Кузнецскийден, 6 вагон Богатырь кен орнынан әкелінді. Ал өткен демалыс күндері қалаға 61 вагон немесе 4253 тонна көмір әкелінді. Оның 34 вагоны Майкөбенің көмірі. Оған сұраныс жоғары», - деді ол қалалық әкімдікте өткен брифингте.

Сонымен қатар басшы шаһарда көмір сататын 8 ірі компания бар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол әкімдік баға өсімінің алдын алу үшін көмір сатушылармен меморандумдарға қол қойылғанын атап өтті. Осы орайда Мақсат Есмағұлов көмір бағасына тоқталды

«Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы – 13 600 теңге, Қаражыра көмірінің бір тоннасы - 14 000 теңге, Майкүбі көмірінің бір тоннасы – 12 500 теңге, Богатырь көмірінің бір тоннасы – 9500 теңге, Кузнецкий көмірінің тоннасы 12 500 теңгені құрайды», - деді басшы.

Қазіргі таңда қаладағы көмірдің жалпы қоры – 10 255 тонна. Брифинг барысында Мақсат Есмағұлов шаһарда көмір тапшылығы жоқ екенін жеткізді.

«Көмірді жеткізу бойынша жағдай тұрақты. Өткен жылмен салыстарғанда дүрбелең болған жоқ. Бұл қалалық әкімдіктің маусым айынан бері жүргізген жұмысының нәтижесі», - деді ол.

Сөз соңында Есмағұлов Астана қаласы әкімдігінің көмір нарығындағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, әрі тұрғындар үшін «I-көмек 109» жедел желі құрылғанын жеткізді.