Астанада жарық беруші компаниялар тұрғындардың қалтасын қағып келген

0
1 102

Әлеуметтік желілерде елорда тұрғындарынан электр энергиясы үшін жоғары шоттар белгіленгені туралы жарияланымдар жиілеген.


Астанада жарық беруші компаниялар тұрғындардың қалтасын қағып келген

ERNUR.KZ. Астанада электр энергиясы үшін артық төлем жасаған тұрғындарға ақшалары қайтарылып жатыр, деп жазады ulysmedia.kz.

Бас прокуратура мәліметінше, әлеуметтік желілерде елорда тұрғындарынан электр энергиясы үшін жоғары шоттар белгіленгені туралы жарияланымдар жиілеген.

“Бұл мәселе қала прокуратурасында уәкілетті органдардың, әкімдіктің және қызмет көрсетушілердің («Астана-АЭК» АҚ және «Астанаэнертұтыну» ЖШС) қатысуымен талқыланды. Анықталғандай, энергиямен жабдықтаушы ұйымның деректерді қабылдап-жинақтауды тиісті ұйымдастырмауынан тұтынылған электр энергиясының көлемі дұрыс есептелмеген. Көптеген астаналықтарға орташа тәуліктік көлем есептелген. Осылайша есептеу құралдарының көрсеткіштеріне сәйкес абонент нақты қабылдаған энергия мөлшері үшін энергия төлемін жүргізу туралы Азаматтық кодекстің 488-бабының талаптары бұзылған. Салдарынан қала тұрғындарына үлкен мөлшерде есепшоттар келген», - делінген ведомство хабарламасында.

Мән-жайды анықтау үшін қала тұрғындары «Астана-АЭК» АҚ мен «Астанаэнерготұтыну» ЖШС-нің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болған еді.

«Саны шектеусіз адамдар тобының құқығы бұзылуын ескере отырып, қала прокуратурасы Бас прокуратура арқылы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қадағалау актісін енгізді. Уәкілетті орган электр энергиясы үшін негізсіз есептеуге жол берген субъектілерге тексеру жүргізу туралы мәселені қарауы қажет. Бұзушылықтар анықталған жағдайда заңда көзделген ден қою шараларын қабылдайды. Қазіргі уақытта «Астана-АЭК» АҚ бірнеше он мыңдаған абонентке электр энергиясының көлемін қайта бөлді. Есептеулерді түзету жұмыстары жалғасып жатыр», - деп хабарлады Бас прокуратурадан.