Оған 31 елден 500-ден астам спортшы қатысады.
ERNUR.KZ. Кеше, 10 ақпан елордадағы "Qazaqstan" спорт кешенінде жабық алаң ішіндегі жеңіл атлетикадан Х Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп жазады sputnik.kz.
Рәсімге Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты.
Үкімет басшысы шараны аша отырып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, деп хабарлайды премьер-министр сайты.
"Спорт шекара талғамайды, мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. 6 мыңнан астам адам сиятын Жеңіл атлетика кешені – осының айқын дәлелі. Қазақстан спортшылары көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Азия біріншілігінің Астана төрінде өтуі елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін", - делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Президент жеңіл атлетика саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нығая түсетінін атап өтті.
Ал Әлихан Смайылов барлық спортшыға сәтті өнер көрсетуді, ал Қазақстан ұлттық құрамасына жеңіс тұғырына көтерілуді тіледі.
Премьер-министр Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамадқа жарысты ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін ерекше алғысын білдірді.
Жабық алаң ішіндегі жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты ТМД елдерінің аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Оған 31 елден 500-ден астам спортшы қатысады.
Спортшылар арасында жүгіру, эстафеталық жүгіру, ұзындыққа секіру, биікке секіру, үш рет секіру, сырықпен секіру, ядро лақтыру және көпсайыс сияқты жарыс түрлері бойынша 26 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасында 69 спортшы бар.
Халықаралық жарыстар Астанада 10-12 ақпан аралығында өтеді.