​Астанадағы супермаркеттегі сұмдықтың беті ашылды

0
1 486

Ешкім кірмейді, есіктері тарс жабық.


​Астанадағы супермаркеттегі сұмдықтың беті ашылды

сурет: "Астана" телеарнасындағы сюжеттің скриншоты

ERNUR.KZ. Астанада сатушылар тура супермаркет ішінде наразылық білдірді, деп жазады ktk.kz.

Жалақы бермей жабылып қалды. Астанада сегіз бірдей дүкені бар «Алма» сауда желісі жабылып, жұмысшыларының жалақысын бермей қойған. Жұрттың бәрін шулатып қойып, басшылары зым-зия жоғалған. Ал сатушылар мен кассирлер жалақысын кімнен дауларын білмей, дүкен ішінде сенделіп жүр.
Дүкен ішінде жүрген мына кісінің бәрі сатып алушылар емес, сатушылардың өздері. Жұмысты қойып, жалақысын талап етіп шыққан. Ешкім кірмейді, есіктері тарс жабық. Құжат бойынша желтоқсанның 31-інде жұмысын тоқтатқан дүкен іс жүзінде есіктерін бүгін ғана жапқан.

Бақытжан Қалдыбаев:

— Біз банкрот болайын деп жатырмыз, өздерің жұмыс табыңдар деп айтпайды. Қаңтардың айлығы әлі жоқ. Бүгіннен бастап біз істемейміз. Екіжылдық еңбек демалысымыздың айлығы берілген жоқ.

Біреулері желтоқсан айының жалақысын толық алмаған, біреулері тіпті бір тиын да көрмеген. Немесе берген жалақысын там-тұмдап ұстап қалған.

Рысай Қуаныш, сатушы:

— Жалақымды дұрыс бермеді. 5 мыңдай алып қалды. Мені осылай қорлағаны үшін үш айлық өтемақымды беруі керек қой, компенсация деген қайда?!

Әдетте ішіп-жемнің түр-түрі самсап тұратын сөрелердің бүгінде сұрқы басқа. Тап-тұйнақтай етіп тазалап кетіпті. Қалған-құтқан ыдыс-аяқ пен сусындар және бірнеше ұсақ-түйектер ғана осы жерде бұрын дүкен болғанын айғақтап тұр.

Қаңырап қалған сөрелерде соңғы қалғаны осылар ғана. Шоколадтар, кәмпит, тағамға қосатын анау-мынау дәмдеуіштер, тағысын-тағы. Ал мына жағында күріш, арпа, сұлы сынды азық-түлік түрлері де бар.

Дүкен қожайындары жұмысшыларымен осылармен де есептескісі келген екен. Бірақ, сәт сайын бұлардың да мерзімі өтіп бара жатыр. Дүкеннің іші осылай болып жатқанда сұмдықтың көкесі төменгі жертөлесінде екен. Азық-түлік сақтайтын қоймалары мен ас дайындайтын бөлмелері толығымен антисанитария.

Балықтарды сақтайтын тұратын мына тоңазытқыштың ішінен қолқаны қабатын қолаңсы иіс шығады. Басқа қоймаларының да санитарлық талапқа сай келетін тұсы сирек. Жағдайдың бәрін басшылардың өз аузынан есту деген арманға айналған. Олардың орнында осында жүрген жалғыз меңгеруші ғана.

Фатима Тичоева, дүкен меңгерушісі:

— Оларды табельге тіркеуді ұмытып кетіпті. Неге екенін білмеймін. Жағдайды тек қаржы директоры ғана шеше алады. Кеше сөйлескем, бүгін келіп жалақыларын берем деген. Енді таппай отырмыз. Таңертең полицияға әкеткен. Қазір қайда екенін ешкім білмейді.

Сатушылардың айтуынша, «Алма маркеттің» Астана қаласы бойынша сегіз дүкенінің бәрінде осындай жағдай. Олар енді жиналып қалалық еңбек инспекциясына арызданып отыр. Тиесілі табысын алмайынша, дүкенге күнде жиналып отырмақшы.