Астанаға келетін газ желісіне қосылу тегін болмайды - Қанат Бозымбаев

0
1 130

Баға үйдің көлеміне байланысты болады.


Астанаға келетін газ желісіне қосылу тегін болмайды - Қанат Бозымбаев

ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Сарыарқа» құбырымен келетін газды үйге дейін жеткізу шаралары туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың соңына дейін «Сарыарқа» газ құбырының Астанаға дейінгі учаскесін аяқтау жоспарланып отыр. Оған дейін жергілікті билік газ тарату желілерін тартып үлгеруі керек. Ал әрбір үйді желіге қосқаны үшін ақы алынады.

«Иә, тегін болмайды. Бірақ оны есептеу керек. Қазір нақты бағаны ешкім айта алмайды. Әр аймақта әртүрлі баға болады. Үлкен үйлер бар, шағын үйлер бар, барлығы көлеміне байланысты болады. Мысалы, құдық (газ құдығы - авт.) үйдің жанында болса, онда көп емес. Бес-алты метрлік полиэтилен құбыры, траншея, жұмыстар - болды. Ал үйдің ауданы үлкен болса, үлкен қазандық қажет. Соған сай үлкен құбырлар да керек болады. Сондықтан, әзірше бағаның шамамен қанша болатынын айта алмаймын», - деді Қ.Бозымбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Министрдің айтуынша, «Сарыарқа» құбырымен газ ең алдымен жылу электр стансасына жеткізіледі. Соның арқасында қаланың экологиялық жағдайы жақсарады деген жоспар бар. Себебі, көмірдің орнына газ жағылады.

«Бұдан бөлек, жекеменшік сектор бар. Газ алдымен Көкталға, сосын Оңтүстік-Шығыс ауданына тартылады», - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев Астанада өткен жиында.

Айта кетейік, бүгінгі шарада министр Еуразиялық экономикалық одақта ортақ энергетикалық нарықты құруға арналған xаттаманың рәсімделетінін мәлімдеді. Аталған шара ЕАЭО туралы келісімшарттың бес жылдығына орай ұйымдастырылады.

«Хаттама нарықты құру кезеңдерін реттейтін болады. Негізі, аталған құжаттың кейбір тармақтары бойынша әлі күнге дейін қызу талқылау жүріп жатыр. Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар мәселелер болды. Дегенмен, біз оның бәрін реттеп алдық. Сосын экспорт және импортпен айналысатын арнайы ұйымды құруға қатысты маңызды бір мәселе болды. Қазақстанда кез келген компания рұқсат алып, энергияны экспортқа шығара алады, импорт жасауға да болады. Ал Ресейде ондай жұмыспен арнайы ұйымдар айналысады. Осының үлгісінде әрбір мемлекетте арнайы ұйымды құру мәселесі көтерілген болатын. Бірақ біз өз позициямызды қорғай алдық. Экспорт пен импортты монополизациялаудың қажеті жоқ деп санаймыз», - дейді Қ.Бозымбаев.