Астаналық сәулетші LRT-ның орнына трамвай салуды ұсынды

0
762

Оның айтуынша, елорданың көшелері трамвай көлігінің желісіне ыңғайлы.


Астаналық сәулетші LRT-ның орнына трамвай салуды ұсынды

ERNUR.KZ. Астаналық сәулетші Әмір Әбілов LRT құрылысының орнына трамвай қоғамдық көлік желісін салуды ұсынды, деп жазады inform.kz

Әмір Әбілов жекеменшік компанияда жұмыс істейді және құрылыс нысандарының жобасын әзірлеумен айналысады. Сала бойынша тәжірибесінің аздығына қарамастан сәулетші елорданың сол жағалауындағы 5 бірдей нысанның авторы.
«Елордада метро болса деген бала күнгі арнаным болған. Дегенмен метро салу оңайға соқпайтынын біліп, трамвай көлігі есіме түсті. Трамвай метро мен LRT-ға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Трамвай – әмбебап көлік және Еуропа елдері оны қайта жандандырып жатыр. Трамвай көлігінің даму тарихы өткен ғасырдың 20 жылдарына сәйкес келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін трамвайға сұраныс азайып, жеңіл автокөлік жүйесі дами түсті. Адамдар машина алып, жолдар да соған сай салына бастады. 90-шы жылдары еуропалықтар жеңіл автокөлік санының көбеюіне байланысты, жолдарды кеңейту мәселені шешпейтінін түсінді. Осылайша адамдарды жеңіл көліктен бас тартып, қоғамдық көлікке отырғызу идеясы туындады. Аталған идея бір жағынан кептеліс проблемасын шешсе, екінші жағынан қаланың экологиясын жақсартады», - деді Ә. Әбілов.
Оның айтуынша, елорданың көшелері трамвай көлігінің желісіне ыңғайлы. «Мен трамвай желісінің жобасын әзірлеп те қойдым. Оны кезең бойынша жүзеге асыруға болады. Мысалы, жаңа мешіттен ЭКСПО-ға дейін, Қабанбай батыр даңғылынан Самал шағын ауданына дейін және Республика даңғылынан ескі вокзал ауданы яғни Гете көшесіне дейін трамвайды іске қосуға болады. Одан әрі істің қалай жүретінін қадағалау арқылы көлік желісін жетілдіре түсуге болады», - дейді ол.

Сәулетші өз жобасын әзірлеуде Батыс Еуропаның трамвай желісін негізге алған. «2007 жылы Парижде жаңа трамвай желісі салынды. Сондай-ақ, Марсель қаласында да трамвай желісі жақсы дамыған. Бүгінде бүкіл Еуропада аталған көлік қатынасы желісі қарқынды даму үстінде», - деді маман. Одан бөлек, Әмір Әбілов астаналықтар үшін қандай насындардың жетіспейтіндігін айтты. «Меніңше, елордада мектеп жетіспейді. Себебі тұрғын үй кешендерінің саны артып жатыр. Осы орайда қоғамдық орындарды көбейту қажет. Әрине, қала тұрғыны және сәулетші ретінде тұрғындар мен қала қонақтары үшін ыңғайлы инфрақұрылымның болғанын қалаймын», - дейді астаналық сәулетші.