Астананың бас санитарлық дәрігері тұрғындарға үндеу жасады

0
426

Бас дәрігер қалада жағдайды тұрақтандыру және COVID-19-ды жеңу үшін тұрғындарды жаппай вакциналау жүріп жатқанын айтты.


Астананың бас санитарлық дәрігері тұрғындарға үндеу жасады

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова елорда тұрғындарын сақтық шараларын ұстануға шақырды, деп жазады ҚазАқпарат.


«Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Осыған байланысты қала тұрғындарына, әсіресе үй карантиніндегі адамдарға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне айтарым: барлық шектеу шаралары мен санитарлық ережелерді сақтаңыздар. Бұл, инфекцияның таралуын төмендетуге және ауру қаупін азайтуға мүмкіндік береді», - деді бас мемлекеттік санитар дәрігер елорда әкімдігінде өткен брифингте.


Оның атап өтуінше, қалада жағдайды тұрақтандыру және COVID-19-ды жеңу үшін тұрғындарды жаппай вакциналау жүріп жатыр. Бұл ұжымдық иммунитетті дамытуға және әдеттегі өмір ырғағына оралуға мүмкіндік береді.


«Әрбір тұрғынды баршаға белгілі сақтық шараларын ұстануға, атап айтқанда қоғамдық орындарда бетперде киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырмауға және қатыспауға шақырамын. Қала тұрғындарын өз денсаулығына және айналасындағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды сұраймын», - деді Сархат Бейсенова.


Еске салайық, Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус ахуалын бағалау матрицасында 1,5 ай бойы «қызыл» аймақта тұр.