Астананың сол жағалауында тұрғын үй орнына саябақтар салынады

0
696

Тұрғындармен және сәулет басқармасымен бірлесіп, бірнеше мекенжай бойынша детальді жоспарлау жобалары өзгертілді.


Астананың сол жағалауында тұрғын үй орнына саябақтар салынады

ERNUR.KZ. Астана қаласы «Есіл» ауданының әкімі Асылбек Есенбаев есептік брифингінде тығыз үйлердің салынуы мәселесін көтеріп, бірнеше аумақтың детальді жоспарлау жобалары өзгергенін айтты, деп жазады inform.kz.

«Қазір біз осы жүйелі мәселені шешуде белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік. Тұрғындармен және сәулет басқармасымен бірлесіп, бірнеше мекенжай бойынша детальді жоспарлау жобалары өзгертілді. Орынбор, Ақмешіт, Алматы және Түркістан көшелерінің квадратында көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына «Линейный» паркінің жалғасы ретінде сквер құрылысы жалғасатын болды. Демек «Абу-Даби плаза» сауда орталығынан Ботаникалық баққа дейін сквер жалғасады. Бұл тұрғындарды толғандырған сұрақ болатын», - деді А. Есенбаев Астана Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Қабанбай батыр даңғылындағы «Поколение» тұрғын үй кешенінің жер учаскесінің бір бөлігі мектеп құрылысына берілді.

«Каспиан Палас» тұрғын үй кешені маңындағы Мәңгілік Ел даңғылы бойындағы жер учаскесінің детальді жоспарлау жобасын өзгертіп, кешен құрылысының орнына саябақ салуға өтінім берілді. Қазіргі уақытта сот процестері жүріп жатыр», - деді аудан әкімі.

Одан бөлек, «Нова Сити» ТК ауданындағы учаскедегі жоспар паркинг пен көлік жуу орнынан мемлекеттік балабақша құрылысына түзетілген.

«Есіл ауданы – елорданың ең қарқынды дамып келе жатқан әкімшілік орталығы, бүкіл қала тұрғындары мен туристерді қызықтыратын орын. Біз олардың жайлылығы үшін көп күш жұмсаймыз. Бізге тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстары көмектеседі», - деді А. Есенбаев.