Атырау мұнай өңдеу зауыты 60 млн теңгеден астам айыппұл төледі

0
564

Атырау қаласының экологиялық ахуалына мониторинг жүргізу кезінде «АМӨЗ» ЖШС тарапынан ағызылған су құрамында мұнай өнімдері мен биологиялық шламның болғанын анықтаған.


Атырау мұнай өңдеу зауыты 60 млн теңгеден астам айыппұл төледі

ERNUR.KZ. Атырау мұнай өңдеу зауыты 60 221 655 теңге айыппұл төледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының биологиялық тазарту құрылғысынан ақау шыққан еді.

Облыстық Экология департаменті жергілікті қоғам белсенділерімен бірге Атырау қаласының экологиялық ахуалына мониторинг жүргізу кезінде «АМӨЗ» ЖШС тарапынан ағызылған су құрамында мұнай өнімдері мен биологиялық шламның болғанын анықтаған.

«Аталған дерекке сәйкес «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, алынған сынамадағы су құрамында жобалық құжаттамада белгіленген эмиссияның нормадан асқаны анықталды. Атап айтқанда, жалпы темір және құрғақ қалдықтар 1,5 есе, сульфат 2,5 есе, азот амоний 5 есе, мұнай өнімдері 6 есе және өлшеулі заттар 628 есе көп болған. Осылайша, сарқынды суларды тазартусыз тікелей ағызуға жол беріп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 328-бабын бұзды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Экологиялық Кодекстің 118-бабын басшылыққа алған департамент мамандары тексеріс материалдарын Полиция департаментіне жолдаған болатын.

«Полиция департаментімен «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқартылды. Экология департамент «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғады. Серіктестік 60 221 655 теңге әкімшілік айыппұл мөлшерінде әкімшілік жазаға тартылды», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.