Мектеп жасындағы жасөспірімдер кешке таман «Қызғалдақ» балабақшасына кірген.
ERNUR.KZ. Атырау облысында 9 жасөспірім балабақшаның ішіне кіріп, астан-кестенін шығарған, деп жазады ҚазАқпарат.
Оқиға Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында кеше, 1 қазанда болған.
Мектеп жасындағы жасөспірімдер кешке таман «Қызғалдақ» балабақшасына кірген. Ойыншықтар мен гүлдерді шашып, астан-кестеңін шығарған.
Балабақша күзетшісі адамдық болмысқа жат теріс әрекет жасаған жасөспірімдердің екеуін ұстап алған. Ал, өзгелері қашып кеткен.
«Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы балабақша ішінде болған құқық бұзушылық фактісіне қатысты 6-7 сыныпта оқитын 9 оқушы анықталды. Олардың ата-анасы аудандық полиция бөліміне шақыртылып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды», -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 3 тәулікте түн ортасына дейін заңды өкілдерінсіз көше кезген 130-дан астам жасөспірім ұсталған. Оның ішінде екі жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
«Өзге жасөспірімдер тұрғылықты мекен-жайы бойынша ата-аналарына тапсырылды. Беймезгіл уақытта қыдырған 132 жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабымен хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.