Атырау облысында кәріздік-тазарту кешені іске қосылды

0
813

Кешен құрылысы 2018 жылдың наурыз айында басталған.


Атырау облысында кәріздік-тазарту кешені іске қосылды

Атырау облысында кәріздік-тазарту кешені іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақат ауданының орталығы –Мақат кентінде іске қосылған кешен тәулігіне 3200 текше метр ағынды су тазартады.

Кешен құрылысы 2018 жылдың наурыз айында басталған. Құрылысты «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» АҚ жүргізген. Бұған дейін Мақат ауданына келген сапарында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов халықтың игілігіне айналар аталған нысанды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырған болатын.

«Осындай жоба Индербор кентінде де жүзеге асырылып, кәріздік құбырлар мен сорғы стансалары пайдалануға берілуде. Сондай-ақ, Аққыстау кентінде қуаты тәулігіне 2300 текше метрлік кәріздік-тазарту ғимаратының, ауылішілік кәріз құбырлары мен сорғы стансаларының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалардың іске қосылғанда экологиялық ахуал мен ауаның тазаруына септігін тигізері сөзсіз», - дейді облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сақпаров.

Оның айтуынша, қазір Атырау қаласының сол жақ бөлігінде тәулігіне 70000 текше метр кәріздік-тазарту ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңында аяқталады. Оны 2021 жылдың бірінші жарты жартысында іске қосу жоспарланып отыр.