Марқұмның анасының айтуынша, полиция қызметкерлері қызметтік көліктерімен мотоцикл тізгіндеген ұлды қуып, ақырында оны соққан. Бала басынан соққы алып, көз жұмды.
ERNUR.KZ. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында 17 жастағы Кемелбай Мереке мотоциклден құлап мерт болды. Жасөпірімнің анасы Жанаргүл Шүренбай жағдайға полицияны кінәлап видеоүндеу жолдады, деп жазады stan.kz.
Марқұмның анасының айтуынша, полиция қызметкерлері қызметтік көліктерімен мотоцикл тізгіндеген ұлды қуып, ақырында оны соққан. Бала басынан соққы алып, көз жұмды.
"Қайғыға баттым, полиция қызметкерлерінің кінәсінен есейіп қалған ұлымнан айырылдым. Олар оны заңсыз қуып, құлатып, басын басып өлтірді. Менің ұлым қылмыскер емес. Ол небәрі 17 жаста еді. Неліктен олар оны қуды? Бұл заңсыздықты кім және қашан тоқтатады? Полиция бөлімінде не болып жатыр? Біреу біреуді пышақтайды, біреу қызметтік көлікпен жасөспірімді қағып кетеді. Онымен қоймай, оқиға болған жердің сызбасын да қате сызған. Бұл заңсыздық қашан тоқтайды?”, – деді Жанаргүл Шүренбай.
Ана бас прокурор мен облыс прокурорынан көмек сұрап, күдікті екі полицейді босатпауды сұрайды.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет жағдайға түсініктеме берді.
“Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу мүдделеріне сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде бір қызметкер жұмыстан босатылса, екіншісі шенінен айырылды”, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.