Атырауда 18 жастағы сарбазды соққыға жығып, көпірден лақтырып жіберген

0
658

Рұқсат етілмеген митинг кезінде 5546 әскери бөлімінің 18 жасар сарбазы жараланған.


Атырауда 18 жастағы сарбазды соққыға жығып, көпірден лақтырып жіберген

ERNUR.KZ. Атырауда тәртіпсіздік кезінде 18 жастағы сарбазды соққыға жығып, көпірден лақтырып жіберген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Атырау облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, рұқсат етілмеген митингтер кезінде 5546 әскери бөлімінің 18 жасар сарбазы жараланған. Жас жігіт өзін 6 адамның соққыға жыққанын көрген.

«Ол сондай-ақ басқа сарбаздардың да қалай соққыға жығылғанын көрген. Алты жігітке қарсы төтеп бере алмайтынын білген солдат кейін шегінуге тырысады. Алайда арт жақта автокөлік көпірі болған. Бір топ адам 18 жастағы жасөспірімді көпірден лақтырып жіберген. Сарбаз мұзға құлап кеткен», - дейді полиция өкілдері.

Дәрігерлердің айтуынша, сарбаз оқ өтпейтін жилет пен касканың арқасында ғана тірі қалған.

«Алты адамды санап үлгердім. Маған не істейтіндерін түсінбедім. Олар мені ұрып жатқанда «өлтіру керек» деген сөз айтылды. Мен шаруам біткен екен дедім. Көпірден құлап кеткен соң есімнен танып қалыппын. Кейін оянсам, айналамда ешкім жоқ екен. Орнымнан әрең тұрып, жолға шығып, көлікті тоқтаттым. Әскери бөлімге жетіп, сол жерден госпитальға жатқызылдым. Қазір жағдайым жақсы», – дейді сарбаз.

Полицейлер мәліметінше, Атырау облысы әкімдігінің алдында болған тәртіпсіздіктер кезінде 49 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның 28 сарбазы түрлі дене жарақатын алған.