Атырауда 4 жасар шахматшыға 200 мың теңге табыс етілді

0
477

8 күнге жалғасқан "Atyrau Chess Festival" халықаралық шахмат фестивалі мәресіне жетті.


Атырауда 4 жасар шахматшыға 200 мың теңге табыс етілді

ERNUR.KZ. Атырауда 4 жасар шахмат вундеркинді 200 мың теңгеге ие болды, деп жазады sputnik.kz.

8 күнге жалғасқан "Atyrau Chess Festival" халықаралық шахмат фестивалі мәресіне жетті. Оған 9 елден 300-ден астам әуесқой, кәсіпқой шахматшылар қатысып, бақ сынады.
Турнир қорытындысы бойынша әйелдер арасында 1-орынды Екатерина Борисова иеленсе, Назерке Нұрғали 2-орынды, Алуа Нұрланова 3-орынды еншіледі.
Ерлер арасынан Тимур Гареев жеңіс тұғырынан көрінсе, 2-орын Арсений Нестеровке, 3-орын Сергей Тивяковке бұйырды.
Бұдан бөлек, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов доданың ең жасы үлкен қатысушылары – 81 жастағы Ағаша Бөкенбай мен 64 жастағы Таппен Қабышеваға 250 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Атыраулық 4 жасар Абдул-Мәлік Қайрат фестивальдің ең жас қатысушысы атанды. Ол 8 жастағы балалармен және 14 жастағы жасөспіріммен ойын өткізіп, 3 партияны жеңіспен аяқтады. Қала әкімі Мейірім Қалауи оған 200 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Анасы Диана Ержанованың айтуынша, Абдумалік 6 айдан бері бері шахмат секциясына қатысады. Осы уақыт ішінде бірнеше турнирге қатысып үлгерген.
"Мұндай үлкен масштабтағы жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Балама шахмат ойнаған ұнайды. Аптасына екі рет шахмат үйірмесіне барады, кешкілік уақытта әкесімен шахмат ойнайды. Шахматтан бөлек робототехника, жүзу, хип-хоп секцияларына және ағылшын сабағына барады", - дейді анасы.
Айта кетері, Динара Сәдуақасованың Шахмат академиясының ұйымдастыруымен Атырауда алғаш рет өткен Халықаралық шахмат фестиваліне Қазақстан, АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь және Ресей елдерінен меймандар келді. Фестиваль қорытындысында 80-нен астам қатысушы жас ерекшеліктеріне қарай медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.