Атыраулық оқушылар БҰҰ-ның алтын медаліне ие болды

0
623

Алтын медаль оқушыларға БҰҰ-ның жаһандық 17 мақсатының бірін жүзеге асырғаны үшін берілген.


Атыраулық оқушылар БҰҰ-ның алтын медаліне ие болды

ERNUR.KZ. Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Әли Азаматұлы мен Әлия Діндербай БҰҰ-ның алтын медаліне ие болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Алтын медаль оқушыларға БҰҰ-ның жаһандық 17 мақсатының бірін жүзеге асырғаны үшін берілген.

«Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Біріккен Ұлттар Ұйымына «Тұрақты дамудың мақсаты – мемлекеттер арасындағы теңсіздікті төмендету» жобасын ұсынды. Олардың MINIBOSS халықаралық бизнес-мектебімен бірлесс жүзеге асырған жобасы әлемнің 150 елінен қатысушылар арасындағы үздік әлеуметтік жобалар қатарына енді. Өткен жылы оқушылар MINIBOSS халықаралық бизнес мектебінің білім грантын жеңіп алды. Жалпы сомасы 3 мың еуро көлеміндегі білім беру гранты оқушыларға кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге және стартап идеяны іске асыруды бастауға мүмкіндік берді», - деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметі.

Ал, 10-сыныптың оқушылары Әли Азаматұлы мен Әлия Діндербай қарт адамдарға арналған жоба әзірлеген.

«Басты идея – зейнет жасындағы адамдарды әртүрлі курстарға қатыстыру арқылы өзін-өзі дамытуға үндеу. Білім беру, өнер және спорт ойындары бойынша курстар мен шеберлік сабағын ұсынды. Жыл басында «қарттар марафоны» жобасы ұлттық байқауда финалға шығып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғау құқығына ие болды. Қашықтан өткен байқау қорытындысында атыраулық оқушылардың жобасына үздіктер қатарына қосылып, алтын медаль жеңіп алды. Лайықты қарттықты қолдайтын әлеуметтік жоба өмір бойы білім алу және зейнеткерлерді қоғамдық өмірге тарту мүмкіндігі бар екенін дәлелдеп отыр», - деп мәлім етті мектептің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық оқушылар халықаралық білім олимпиадасынан жеңіспен оралғанын хабарлаған едік.