Ауыл мәртебесі берілетін қалаларда бюджет қызметкерлерінің айлығы өседі

0
799

Еліміздегі 13 аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі беріледі.


Ауыл мәртебесі берілетін қалаларда бюджет қызметкерлерінің айлығы өседі

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова аудандық маңызы бар қалаларға ауыл мәртебесін берудің арқасында ауылдың бюджеттік қызметкерлерінің айлығы көбейетінін мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова Парламент Мәжілісінде «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Заң жобасына сәйкес еліміздегі 13 аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі беріледі.

Заң жобасын талқылау барысында Амангелді Дәуренбаев бұл өзгерістерден тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағынан не ұтатынын сұрады. Өз кезегінде Әлия Сапарова аудандық маңызы бар қалалардың (кейін ауыл мәртебесіне өзгеретін) қазіргі тұрғындары қандай артықшылыққа ие болатынын нақты айтып берді.


«Аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі берілсе біріншіден ауылдарда еңбек ететін денсаулық сақтау, мәдениет, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт саласындағы қызметкерлердің жалақысына 25 пайыздық үстемеақы қосылады. Екіншіден ауылдағы мектептердің түлектеріне оқуға түсу үшін қабылдау квотасы қарастырылған. Сондай-ақ айта кетерлігі, осындай бағдарламалардың бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды елдімекендерге келіп жатқан жас мамандарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда оларға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие беріледі», - деді ол.


Әйтсе де, өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов аудандық маңызы бар қалаларға ауыл мәртебесін беру мәселесі тек тұрғындардың жиыны арқылы шешілетінін, яғни сондағы халықтың пікірі ескерілетінін мәлімдеді.