Ауыл шаруашылығы жерлері тек мемлекеттікі болсын – сенатор

0
2 494

Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы өтті.


Ауыл шаруашылығы жерлері тек мемлекеттікі болсын – сенатор

ERNUR.KZ. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жай ғана өндіріс құралы емес, ең алдымен, бұл біздің ұлттық игілігіміз, ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамыз, бүкіл халқымыздың байлығы және оның басты құндылығы, деді Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында сенатор Ақылбек Күрішбаев, деп жазады zakon.kz.

"Жер мәселесіне қатысты менің жеке пікірім: Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекеттің құзырында болуы керек. Ең алдымен, бұл біздің геосаяси жағдайымызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша біз әлемде алтыншы орын аламыз, ал егістіктің алқаптары бойынша жан басына шаққанда Австралиядан кейін екінші орындамыз (яғни, бір адамға шамамен 1,3 га егістік жер келеді). Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, біздің жер ресурстарымыздың жеке меншікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Мәселен, нарықтық экономикасы дамыған Израильде барлық ауылшаруашылық жерлері мемлекеттің құзырында.

Екіншіден, қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы негізінен жерасты пайдалы қазбаларының арқасында дамуда, бірақ олар бір кездері аяқталатын, яғни жаңартылмайтын табиғи ресурстар болып табылады. Сондықтан, мемлекетіміздің болашағы ауыл шаруашылығының дамуымен байланысты. Міне, сонда біздің болашақ ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану қолжетімді болуы керек. Яғни, олар өзінің аграрлық бизнесін дамыту үшін, жерді жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет.

Үшіншіден, бүгінде «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншіктің болмауы аграрлық салаға инвестициялар тартудың басты тежегіші болып табылады» деген пікір бар.

Шынында да, агро-өнеркәсіптік кешенге инвестициялар тарту жағынан біз әлемнің жетекші аграрлық елдерінен көп артта қалып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Австралияда бір гектар егістікке шаққанда 422 АҚШ долларын құрайды, Канадада - 80 АҚШ доллары, ал Қазақстанда бір долларға да жетпейді, яғни 100-400 есе аз. Шет елдерде инвестициялар тартудың басты шарты ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен жоғары рентабельділігі болып табылады, бұл ең алдымен мемлекеттің тиімді аграрлық саясаты есебінен қалыптасады. Басқаша айтқанда, егер біздің шаруашылықтарымыз шетелдік фермерлер сияқты ұзақ және арзан кредиттермен, мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларымен (субсидиялармен) кепілдендірілген сақтандыру жүйесімен және ғылыми-технологиялық жетістіктермен қамтамасыз етілсе, біздің де аграрлық саламыз инвестициялық сұраныста болар еді.

Жалпы, 2016 жылы құрылған мемлекеттік жер комиссиясының өз уақытында қоғамдағы түрлі пікірлерді біріктіріп, жер қатынастарын жетілдіру жөніндегі негізгі ұсыныстарды ескергенін атап өткім келеді. Сондықтан, менің ойымша, қазіргі жер комиссиясы өз жұмысында сол ұсыныстарды негізге алуы керек.

Өкінішке қарай, олардың бір бөлігі іске асырылмай қалды. Мәселен, елде жер ресурстарын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін, біз мемлекеттік жер инспекциясының вертикалын қалпына келтіре алмадық. Сонымен қатар, Жер ресурстарын басқару комитетінде тек 38 адамнан тұратын орталық аппараты бар. Аймақтық жер инспекциялары жергілікті атқарушы органдарға берілген. Сонда аудан әкімі жерді өзі бөледі, өзі оны бақылайды. Бұл дұрыс емес.

Елімізде топырақ-агрохимиялық зертханалар желісін құру мәселесі де шешілген жоқ. Сондықтан жалға берілген жер телімдерінің топырақ құнарлылығы не болып жатқанын нақты білмейміз.

Әкімдіктер ауылдық елді-мекендерді жайылымдармен қамтамасыз ету мәселесін соңына дейін шеше алмады. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, қазір ауылдың малын жаюға 32 млн. гектардан астам жайылым жетіспейді. Бұл Үкіметтің қарауына 2016 жылы жер комиссиясы шығарған мәселелердің бір бөлігі ғана, олар әлі күнге дейін түпкілікті шешімін таппады", – деді ол.