Аяқ-қолы істемей қалды: Қызылорда облысында ауруханаға өз аяғымен барған дәрігер қыз көз жұмды

0
2 203

Дәрігерлер қан құюдың орнына, нақты диагнозын таппай, 10 күн бойы қан алыпты.


Аяқ-қолы істемей қалды: Қызылорда облысында ауруханаға өз аяғымен барған дәрігер қыз көз жұмды

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында дәрігер боп жұмыс істеген бойжеткен ауруханада көз жұмды. 22 жастағы Нұркерім Тұрманова ауруханаға өз аяғымен барған. Алайда он күннің ішінде аяқ-қолы істемей қалыпты. Оны медицина қызметкерлерінің өзі де мойындап отыр. Ал марқұмның туыстары оның өліміне ақ халаттыларды кінәлайды, деп жазады Stan.kz.

22 жастағы Нұркерім Тұрманова дәрігерлік қызметін енді ғана бастаған. Артында қалған ата-анасының айтуынша, қыздары 4-сыныпта оқып жүрген кезінде байқамай химиялық сұйықтықты ішіп қойған. Алайда ол жағдайдан кейін дертінен құлан-таза айыққан екен. Алайда бірнеше жылдан кейін қаны күрт азайып кететін дертке шалдығыпты. Дәл осы дерті асқынып, ауруханаға барған екен. Бірақ дәрігерлер оған тиісті ем жүргізбеді, дейді марқұмның ата-анасы. Олар Нұркерімге қан құюдың орнына, нақты диагнозын таппай, 10 күн бойы қан алыпты.

«Екі күннен кейін жансақтау бөліміне жатқызады, екі күннен кейін мен жоқпын», – деді. Мен сенбедім. Жансақтау бөліміне жатқызды. Екі күннен кейін қайтыс болды. Қызылорданың облыстық ауруханасына қоятын кінәм жоқ. Аудандағыларды кінәлаймын», – дейді марқұмның әкесі Қали Тұрманов.

Нұркерім өз ажалын сезгендей болды деген ата-ана ауруханаға өз аяғымен келген қызымызды қинап, өлімші етіп шығарды, дейді. Алайда аудандағы дәрігерлер қызға тиісті ем жүргізіліп, облыстық ауруханаға денсаулық орташа деңгейде жіберілгенін айтып отыр.

«Орташа деңгейде жіберілді. Қан қысымы, дене қызуы тұрақты болды», – дейді Жаңақорған аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Зәуреш Тілепбаева.

Ал Қызылорда облыстық медициналық орталығынындағылар Нұркерімнің ауыр халде түскенін айтуда.

«Науқастың түскендегі халі ауыр болды. Аяқ-қолын көтере алмады, көзінің көрмейтінін айтып шағымданды», – дейді облыстық медициналық орталық директорының орынбасары Алмас Әбілпатта.

Бірі орташа халде кетті десе, бірі жағдайы ауыр болды деген екі ауруханадағылар да 22 жастағы қызды аман алып қала алмады. Ал қызымыздың өліміне дәрігерлерді кінәлаған ата-ана құзырлы органдарға жүгінбекші.