«Азаматтарға арналған үкімет» арқылы 1281 қызмет түрін алуға болады.
8 жыл ішінде Мемлекеттік корпорация 302 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы 1281 қызмет түрін алуға болады. Оның 41-і қағаз жүзінде, 486 қызмет қағаз және электронды түрде және 754-і тек электронды түрде көрсетіледі.
2023 жылдың қорытындысы бойынша сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің көшін бастаған электрондық цифрлық қолтаңба алу қызметі. Оған 3,4 млн рет тапсырыс берілген. Екінші орынға – көлік құралдарын тіркеу, үшінші орынға – жүргізуші куәліктерін алу орналасты.
Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкіметтің» еліміз бойынша 263 ХҚКО мен 25 автодромы, 30 мамандандырылған ХҚКО (арнайы секторларды қоса алғанда), 7 көші-қон қызметтері орталығы және 35 секторы (сұранысқа ие қызметтерді көрсететін бөлім) бар.
«Азаматтарға арналған үкімет» - халық үніне құлақ асатын мемлекеттің бейнесі. Біз арқылы билікке жүгініп, біз арқылы жауаптар алынады және біздің міндетіміз – тиімді әрі жылдам байланыс орнату. Жақын уақыттағы ең өзекті міндет – қазақстандықтар үшін қолжетімді және неғұрлым ашық цифрлық мемлекет құру. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің тапсырмасы бойынша басқа ведомстволармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі барлық платформаларды бірыңғай кеңістікке біріктіреміз. ИАЖ ХҚКО 2.0, 1414 байланыс орталығы,eGov.kz, eGov mobile смартфонда, үйдегі компьютерде, оператордың мониторында бір интерфейске ие және кез келген құрылғыдан қызмет алуды бастап, басқа құрылғыдан аяқтауға мүмкіндік береді және қызмет алуды қолжетімді етеді», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
«Азаматтарға арналған үкіметтің» ең ірі жобалары:
•«ХҚКО» мобильді қосымшасының іске қосылуы;
• «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» жүйесінің құрылуы;
•АХАТ қызметінің Мемлекеттік корпорацияға өтуі;
•connection points желісін құру– мемлекеттік қызметтерді қоғамдық орындарда, мысалы, сауда орталықтарында алу мүмкіндігі;
•жол жүру ережелері бойынша емтихан тапсыру ЖЖЕ 3.0 жүйесін енгізу.
Естеріңізге сала кетейік, «Азаматтарға арналған үкіметтің» құрылғанына биыл 8 жыл толды. 2016 жылы 7 сәуірде әділет органдарында жаңа коммерциялық емес акционерлік қоғам тіркелген. Ол кезде мекеменің міндеті – мемлекеттік қызметтерді алуға өтініштерді қабылдау және нәтижесін «бір терезе» қағидаты бойынша беру болатын.