​Қазақстанда қандай ипотекалық бағдарламалар бар

0
2 239

Қазақстандық банктерде қандай ипотекалық бағдарламалар бар? Екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық бағдарламалар Елбасы ұсынған "7-20-25" ипотекалық бағдарламасынан да тиімді бола ала ма?


​Қазақстанда қандай ипотекалық бағдарламалар бар

Экономист маман Мақсат Халықов қазақстандықтар барлық нәрсені несиеге алғанды жөн көретінін айтып отыр. Жылжымайтын мүліктен бастап майда тауар мен тұрмыстық техниканың өзін қазақстандықтар ақшаларын жинап, қолма-қол алғаннан гөрі несиеге алғанды қолайлы санайды. Қазақстандық банктерде қандай ипотекалық бағдарламалар бар? Екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық бағдарламалар Елбасы ұсынған "7-20-25" ипотекалық бағдарламасынан да тиімді бола ала ма? деген сауалдарға Today.kz жауап іздеп көрді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміздің екінші деңгейлі банктерінің барлығында бірдей ипотекалық несие жоқ.

Құрылғанына 95 жыл болған "Халық банкі" осы банк арқылы жалақы алатын клиенттеріне ипотекалық несие береді. Бұл банктен ипотека алатын болсаңыз жалақы мөлшері әр аймақта белгілі деңгейге жетуі керек. Мысалы, Алматы қаласының тұрғындары үйге несие алмақ болса, жалақы көлемі 200 мың теңгеден асуы керек. "Халық банкі" ипотеканы 14-15 пайыздық мөлшермен 20 жылға береді. Комиссияға банк қаржының 1 пайызын, яғни 20 мың теңге ұстап қалады. Алғашқы жарна 20 пайыз.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қолжетімді баспанаға ипотека береді. 25 жылға берілетін ипотеканың жылдық пайызы 5 пайыздан басталады.

Ал қолма-қол несиені 15 минут ішінде рәсімдейтін "Kaspi bank" тұтынушылары үшін ипотекалық бағдарлама құрмаған.

"Банк Хоум кредитте" әзірге ипотекалық бағдарлама бойынша тұтынушыларға қызмет көрсетпейді.

"Forte"банк арқылы ипотекаға қол жеткізуге болады. Егер сіз банкке табысыңызды растайтын құжатыңызды өткізсеңіз, 14,49 пайызбен 15 жылға ипотекалық несие ала аласыз. Мұндай жағдайда алғашқы жарна 15 пайызды құрайды.

Ал табысыңыз туралы құжатсыз ипотека рәсімдегіңіз келсе 15 пайызбен 10 жылға 50 пайыз алғашқы жарна төлеп ала аласыз.

Осы банк арқылы жалақы алатын болсаңыз 0,49 пайыз комиссия шегеріледі. Олай болмаған жағдайда ақшаның 2 пайызын комиссияға төлейсіз.

Еліміздегі екінші деңгейлі банктер ұсынған ипотекалық бағдарламаның пайыздық мөлшері "7-20-25" бағдарламасымен салыстырғанда екі есе жоғары. Алғашқы жарнасы мен мерзімінде аса қатты айырмашылық болмаса да, Елбасы ұсынған ипотекалық бағдарламадан тиімдірек ұсыныс жоқ секілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша қалай баспана алуға болатынын қадам-қадамымен айтып берді.