Қазақтардың қазақша сөйлегені үшін... қазақ қызы соққыға жығылған

0
2 010

Қылмыстық іс материалына сәйкес сөйлесек, Диана дейтін орыс тілді азаматша (азаматтығы біздікі емес, көршімізде тіркеуде тұр) жәбірленуші Әсел Назарбаеваны соққыға жығып, аузына келгенді құсып, қазақ тілін әм оның ұлтын кекете сөйлеп, кекірейе күліп, ойына келгенді істеген.


Қазақтардың қазақша сөйлегені үшін... қазақ қызы соққыға жығылған

фото: abai.kz

Бүгін Алматының Бостандық аудандық сотында қазақ тіліне қатысты сот процессі өтті. Өтті деуге келмес, сот басталмай жатып-ақ, кейінге шегерілді, деп жазады abai.kz.

Жәбірленуші Қазақстан азаматы. Есім-сойы – Әсел Назарбаева. Жо-жоқ, сіз ойлаған Назарбай әулетіне еш қатысы жоқ, жәй ғана тектері ұқсас. Жауапкер – Диана Перегуда дейтін адам. Өзі Ресей азаматы. Қазақстанда тұрады. Осында туған.

Істі жүргізіп отырған судья – Кван Елана Робертовна. Сот процесінің ауаны бұзақылық болғанымен, мәселенің түбі қазақ тіліне келіп тіреледі. Алайда қазақ тілінің ісі орыс тілінде қаралып жатыр. Әлгі жауапкеріміз – қазақ тілін білмейтін көрінеді. Енді осы жайлы кеңейтіп айтайық.

Ресейдің қызыл паспортын иемденіп, нәпақасын қазақ жерінде тауып жүрген Перегуда Диана мен Әсел Назарбаева арасындағы жанжал неден басталған?

Қылмыстық іс материалына сәйкес сөйлесек, Диана дейтін орыс тілді азаматша (азаматтығы біздікі емес, көршімізде тіркеуде тұр) жәбірленуші Әсел Назарбаеваны соққыға жығып, аузына келгенді құсып, қазақ тілін әм оның ұлтын кекете сөйлеп, кекірейе күліп, ойына келгенді істеген.

Әбден басынған. Қазақстанның мемлекеттік тілін, қазақ тілін – «непонятный язык» деп янаттап, Қазақстан азаматшасын аяусыз тепкінің астына алған. Диананың долдануының жалғыз себебі – бірнеше қазақ оның көзінше қазақ тілінде сөйлескен. Біздің бүгін ұғып білгеніміз – осы.

Бүгін сотқа келген қоғамдағы сергек саналы азаматтардың қарасы көп болды. Арасында желтоқсаншылар мен журналистер де бар. Біз де бардық. Болған жайды көзбен көрдік. Әселдің өзін сөзге тарттық. Мәселені бүге-шүгесіне дейін ол өзі баяндап берді.

Әсел Назарбаева, жәбірленуші:

-Бұл іс неден басталды дейсіз ғой... 2016 жылдың 27-қарашасында Розыбакиев – Әл Фараби жақтағы «Мега» маңайында «Zeta» жиһаз дүкеніне барған ем. Дәл менің алдымда кезек күтіп, еуропалық нәсілдегі бір қыз тұрды. Сырттарынан бақылап тұрған ем, әлгі қыз дүкеннің сатушыларына өте дөрекі, анайы сөйлеп жатты. Сол жерде 4 сатушы еді. Олардың барлығы қазақ тілді. Орыс тілін түсінгенімен, сөйлей алмайды екен.

Әлгі қыз өзіне қызмет көрсетіп тұрған сатушыны айыптап, әкел деген затын (шелектің қақпағы) әкелмегені үшін ұрысты. Бүйыра сөйлеп, дау шығарып жатты. «Әкел дедім, әкелмедің, мына түсін әкел дедім, мынауың кір» тағысын тағы әңгілемелер болды.

Өте дөрекі, бейәдеп түрде барлығы. Құдды ол әлгі аталған сауда үйінің қожаймы да, саудагерлер оның құлы секілді, бұйыра сөйлеп басынып бара жатты.

Ақыры не керек, ұзақ дауласып жатып, әлгі шелекті алмайтын болды. Сөйтіп шеттеп шыққанын білем. Мен дау аяқталды ғой деп ойлаған ем. Әлгіге қызмет көрсеткен саудагер жігіт (Азамат Түсібеков) шетке шығып, қасындағы әріптестеріне әңгіме айтып тұрған еді.

«Мен орысша айтып түсіндіре алмаймын. Орысша білсем түсіндіріп берер едім. Сен орысша сөйлей аласың ба?» деп жанындағы саудагерден сұрай бергені сол еді, анау « орысша» деген сөзді естіп алды да, қайтадан дау шығарып, айғайға басты.

«Что означает орысша?» деп даурықты. Мен сырттарынан қарап тұрмын. Саудагерлер оған еш жауап қайтарған жоқ. Анау болса, күшейіп барады. Содан мен араласып, мән-жайды ол қызға түсіндіріп бермек болдым.

«Олар сізге орысша түсіндіре алмай тұр. Орысша білмейтініне қынжылып тұр. Орысша дегені – по русский деген сөз. Олар сіз туралы айтып тұрған жоқ», деп өзіне түсінікті тілде жауап қаттым.

Сол кезде ол маған дүрсе қоя берді. «Заткнись мамбетка» (аузыңды жап мәмбет) деп аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Одан қалса екі қолымен кеудемнен қатты итеріп жіберді. Мен шатқаяқтап барып, құлап түсе жаздадым.

Сол сәтте оң аяғымен ішімнен теуіп, шашымды жұлып, басымды жерге қарай баса бастады. Мен еңкейген қалыпта қарсыласып бақтым. Бір қолымен ұстап тұрып, тағы бір қолымен ұрып, теуіп соққыға жықты.

Жігіттер тез арада жүгіріп келіп, ажыратып алды. Жігіттер де, мен де шок болдық. Деліқұлылық қой нағыз. Оған орысша сөйлемегеніміз үшін тепкінің астына алады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

Сосын ол өзіне берген шекті алды да, бұрыштағы кассаға барды. Дым болмаған адам сияқты жайбырақат кетіп барады. Мен не істерімді білмей қалдым. Саудагерлерге қайтып келгенде мен оған: «Сен не істеп жатырсың?» деп орысша сөйледім.

Әрине, менің де балағат айтқаным рас. Ол маған: «Я тебя... заткнись сказала мамбетка. Тварь!» деп қайтадан тепті. Шашымнан сүйреп касса жаққа қарай апарды. Үстімдегі күртешемді жыртып тастады.

Енді міне, сотта оның адвокаттары дәл сол куртканың жыртылғанын дәлелде деп отыр. Олардың бейнекамералары бар екен. Бірақ, жазбайды. Әшейін көз қылып, орнатып қойған.

Содан ол саудасын жасап болып, кетіп бара жатыр екен. Мен саудагер жігіттерге айтып, есікті жаптырып, оны шығармай қойдық. Полиция келді. Біздің арыз-шағымымызды жазып алды. Бірақ, іс материалы ретінде күртешемді тіркеген жоқ. Сыртта қыс мезгілі еді.

Үстімдегі жыртық болса да сол күртешені шешіп беріп, үйге жалаңаш қайтпаймын ғой. Соны ескерген болар. Әйтеуір, күртеше іс материалына тіркелмеді. Енді міне, сол күртеше екенін дәлелде деп жатыр. Осымен нешінші сот процессі сол күртеше үшін кейінге шегеріліп отыр. Бүгін де сол себеп.

Осы оқиға болған күннің ертеңіне мені учаскелік полиция шақырды. Олар бірден қысым жасап, ештеңені дәлелдей алмайтынымды айтты. Қалай сонда? Сөйтсек, ол қазақ тілін білмейді. Саудагерлер оның көзінше өзара қазақша сөйлесті.

Оған ешкім қоқан-лоқы көрсеткен жоқ. Оны ешкім балағаттаған жоқ. Оған ешкім-ештеңе деген жоқ. Тек оның көзінше өзара қазақ тілінде сөйлесті. Болды. Сол үшін осындай қадамға барды.

Учаскелік полиция қызметкерлері маған: "Біз Қазақстанда тұрамыз. Бұл саған Қытай емес, басқа ел емес. Сен ештеңе дәлелдей алмайсың. Ол Ресей азаматшасы", деп басқа арызға қол қойдырмақ болды. Ақырында полицейлер маған куәгерлердің барлығы арыздан бас тартқанын айтты. "Куәгерлердің сөзі жоқ. Камера түсірмеген. Ештеңе дәлелдей алмайсың" деді.

Мен шағымдарына қол қойып беріп, кетіп қалдым. Сөйтіп, 108 бапқа сыйғызыпты осынының барлығын. Ол дегеніңіз – ұсақ бұзақылық екен. Әкімшілік жаза қолданылады. Бітті.

Содан соң, мен неге онымен келісімге келуім керек деп ойладым да, әлгі дүкенге қайтып бардым. Саудагер жігіттерді тауып алып, жігіттермен сөйлестім. Сөйтсек, учаскелік полиция келіп, ол жігіттердің куәлік арыздарын қабылдамай қойған екен.

Себебін «қазақша жазуға болмайды» деп түсіндірген. Орысша жазуын талап еткен. Ал жігіттер орысша жаза алмайды. Содан учаскелік полицияға жігіттермен бірге келіп, арыздарын жазғыздым.

Қазақ тілінде жазды. Қазақ тілі олардың ана тілі. Қазақша жазуға құқылы. Олар мемлекетті құрушы ұлттың өкілдері. Олар қазақша жазады. Қазақстанда тұрады. Егер өзің қазақша білмесең, құзырлы органда істеме мүлде.

Кешіріңідер, қазақ тілі – Қазақстанда мемлекеттік тіл. Олар (саудагерлер) өзара қазақша сөйлесуге әбден құқылы.

Бұл іс сот алдына 2018 жылдың 9-қаңтарында бір-ақ жетті. Оған дейін сот алды тергеу болды. 2 мәрте істі жауып тастап, архивке жіберді. Мен шағымданып жүріп қайта шығардым. Тіпті мені төбелеске қатысты деп айыптады. Қылмыстық іс қозғады.

Мен бұны Бас Прокуратура арқылы дәлелдеп шықтым. Перегуданың ісінде қылмыстық сипат жоқ деген қалалық прокурордың қолы қойылған шешім болды. Бас Прокуратура арқылы бұл шешімнің күшін жойғыздым. Міне, істің мән жайы – осы...

Бұл істі қолға алып, қорғаушы болған – белгілі заңгер Абзал Құспан екен. Абзал мырзаны да сөзге тарттық. Істің қалай жүріп жатқанын сұрап білдік.



Абзал Құспан, заңгер:

-Бұзақылық қылмыс құрамы жағынан қарастырғанда, жалпы қылмыстық істерге жатады. Яғни, күрделі іс емес. Ал біздің жағдайда, Перегуданың тарапынан орын алған бұзақылық қылмысты дәлелдеу еш қиындық тудырмайтын мәселе еді.

Өйткені, оқиға кешкі сағат бес жарымда, қоғамдық орында, анау «Zeta» деген дүкеннің ішінде, пәленбай куәнің көзінше болған. Осы іспен айналысқан әуелі Бостандық аудандық Ішкі істер бөлімі, кейін Алматы қаласының Ішкі істер департаменті, анау Бостандық ауданы, Алматы қалалық прокуратурасы тарапынан тиісті қадағалаудың болмауы салдарынан, бұл іс пәлен мәрте қысқартылып, негізсіз созбалаққа салынған. Бұған қандайда бір алғы шарттар немесе негіз болған жоқ.

Істі дәлелдеудің еш қиындығы жоқ. Сол жердегі куәлерді жауаптаудың өзіне 9 айдан кейін ғана кіріскен. Өзіңіз ойлаңыз. Менің қорғауымдағы Әсел Назарбаеваның айтуынша, тергеу барысында іске Ресейдің Бас Консулының өзі араласқан екен. Осы жағдай себеп болды ма, әлде саяси жағдай себеп болды ма, әйтеуір іс біразға созылған.

Қылмыс – ол қылмыстық кодекстің аясында тергелуі керек. Ешбір саяси орган немесе саяси тұлғалар істің тергелу барысына ықпал етпеуі керек. Мен ойлап тапқан ереже емес, бұл – Қазақстаның заңы.

Егер әрбір нәрсеге саяси баға беріп, саяси тұрғыдан қарастыра берсек, мынау бұзақылық қылмыстың өзі өте қауіпті қылмыстар қатарына жататын болады. Бұзақылық қылмыс өрістеп кетеді.

Бұзақылық қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған істер қатарына жатады. Қоғам дегеніміз – сіз бен біз, біздің балаларымыз. Кез келген адам. Қазақстан азаматы.

Міне, қоғамдық қылмыстың дер кезінде алдын алып, егер алдын алмай қалып, осындай жағдай орын алған кезде оның дұрыстап тергеліп, тексерілуіне кедергі келтіретін болсақ, бұл деген мемлекетке өте қауіпті.

Бұл жерде айналдырған бес-алты куәні жауаптап, сараптаманы уақытында өткізгенде іс басқаша болар еді. Әселдің дене жарақаттарының бәрі анықталған. Осыны сотқа дер кезінде жібермеген. Әсел шырылдап Астанаға дейін барып, ІІМ мен Бас Прокуратураның қабылдауына кіргеннен кейін ғана тергеу өз жүйесіне түскен. Бұл да Әселдің табандылығының арқасында болған жағдай.

Әсел Назарбаеваның маған дейін бірнеше қорғаушылары болды. Айналып келгенде, ол қорғаушылары Әселдің өзіне қарсы шыққан. Ол бойынша адвокаттар алқасына арыз жазып, қызметтік тексерулер жүріп жатыр.

Бұл іспен айналысып жүргеніме 3 айдан аса уақыт болды. Мен бұл істі әлеуметтік желіде жазып, қоғамдық резонанс тудырғым келмеді. Оған себебім де бар. Осының алдында қоғамдық шу тудырған істер болды.

Өзің де жақсы білесің ғой. Сол кезде көптеген адам: «Абзал пиаршик», «өзінің білімімен жеңе алмайтын болған соң қоғамның күшімен жеңбек» деген ауанда әртүрлі пікірлер айтылды.

Біріншіден, мен үшін бұның барлығы қоғамдық жұмыстар. Мен бұл істерден ақша тауып, жағдайымды жасап жүрген адвокат емеспін. Менің негізінен маманданған салам – экономикалық сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар. Және ол істер бойынша мен жоғары табыс тауып жүрген адаммын. Сондай сөздерді естігеннен кейін ешкімге айтпай, үн-түнсіз жүргізіп жатқанмын.

Алайда сот ғимаратында журналист Сәуле Әбединова ханымды кездестіріп қалдым. Ол өз ісімен жүрген екен. Бір ғимаратта болған соң, кейде осы сотқа, кейде Сәуленнің сотына кіріп кетем. Содан өткен жұмада менімен бірге осы сотқа қатысты. Судья оның журналист екенін біліп қалып, екеуі сөзге келді.

Ақыры судья Сәулені сот залынан шығарып жіберді. Шыққан бойда Сәуле Фейсбукте үлкен жазба жариялапты. Оны мыңдаған адам оқып, 400-ден астам адам бөліскен екен. Нәтижесінде кешелі бері сот процессіне көптеген адамдар келіп қатысып жатыр. Мен бұл адамдардың ешқайсысын шақырған жоқпын. Өздері келді.

Өзімнің қатысып жатқаным – бұл ұлттың мүддесі. Бұл жерде ұлттық мәселе тұр. Сенің еліңе келіп, бөтен елдің азаматы сенің еліңнің азаматының қазақша сөйлегеніне наразылық көрсетіп жатқаны қаншалықты дұрыс? Сотта Перегуда ашық айтты.

«Осы жанжалдың болуына не себеп?» деген менің сұрағыма ол былай деп жауап берді: «Они говорили на непонятном мне языке» деді. Сөзбе-сөз – осы. Сотқа дейінгі айтқандары өз алдына. Сотты бақырайтып қойып, айтып тұрғаны мынау. Непонятный языгы – қазақ тілі.

Ол аз болғандай Әселді ұрып жығып, оны ажыратып алғаннан кейін қайтадан соқыға жыққан. Бұдан асқан қорлық болуы керек па? Қазақта: «Қыз намысы – ел намысы» деген бар.

Мен бұл жерде қыздың намысы үшін, Қазақстан азаматы Әсел Назарбаеваның намысы үшін жүрмін. Халықтың келуін өз басым дұрыс деп есептеймін.

Сотқа қатысып келген Нұргелді Әбдіғаниұлы