"Баспана Хит" бағдарламасының операторы - "Қазақстанның орнықтылық қоры". Ипотеканың бастапқы жарнасы – 20%.
ERNUR.KZ. Ұлттық банк "Баспана Хит" бағдарламасын түзету енгізді. Негізгі мақсат – қолжетімді баспананы арттыру, деп жазады sputniknews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, "Баспана Хитті" іске асыру кезінде азаматтардың өтініштері, банктер, құрылыс компаниялары мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары зерделенді. Соның негізінде Ұлттық банкі тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және бастапқы тұрғын үйге сұранысты көбейтуге бағытталған түзетулерді бекітті. Қаулыда бірнеше өзгеріс бар. Атап айтқанда, ипотеканың шекті көлемі ұлғайды.
- Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бастапқы тұрғын үйдің ең жоғары құны - 35 миллион теңге;
- Шымкент қаласында бастапқы және қайталама нарықтарда сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны - 25 миллион теңге;
- Қарағанды қаласында - 20 миллион теңге;
- Басқа аймақтарда – 15 миллион теңге.
Бұдан бөлек, енді бағдарламаға қатысушалыр салынып жатқан тұрғын үйден пәтер таңдап, құрылысқа үлескерлік қатысу құқығымен ипотека рәсімдей алады. Барлық шаралар "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңға сәйкес атқарылады.
"Баспана Хит" бағдарламасының клиенттері қазірден бастап жаңа шекті бағалармен ипотека рәсімдей алады. Ал үлестік қатысу шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға кредит беруді бастау үшін бағдарлама операторы серіктес банктермен бірге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Салынып жатқан тұрғын үйге несие берудің басталуы туралы кейінірек хабарланады", - дейді компания мамандары.
Айта кетейік, "Баспана Хит" бағдарламасының операторы - "Қазақстанның орнықтылық қоры". Ипотеканың бастапқы жарнасы – 20%. Ал қарызды қайтару мерзімі – 15 жыл. Осы уақытқа дейін бағдарлама аясында 388,1 миллиард теңгеге 44 228 өтінім мақұлданды. Соның ішінде 306,8 миллиард теңге сомасына 35 769 ипотека рәсімделді.