Бүгінгі таңда хабта 641 ІТ-компания тіркелген, оның 70-і шетелдік құрылтайшылар.
ERNUR.KZ. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин шетелдік ІТ-компанияларды «Astana hub» технопаркіне шақырды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Astana hub» стартаптар халықаралық технопаркіне шетелдік компаниялардың релокациясы бойынша біраз сұрақтар түсуде. Бізге көрші елдерден ІТ-мамандар келіп жатқанына да бірнеше жыл болды. Сондай компаниялардың бірі - inDriver. Қызметін қазақстандықтар да пайдаланатын осындай команданың келгеніне біз қуаныштымыз. Айта кету керек, Astana_hub әуел бастан халықаралық технопарк ретінде құрылған. Әлемдік деңгейдегі компаниялар мен мамандарға мүмкіндік беру арқылы біз өзімізге де тиімді жағдай қалыптастырамыз: шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу және қазақстандықтар үшін жұмыс орнын көбейту», - деп жазды министр.
Бүгінгі таңда хабта 641 ІТ-компания тіркелген, оның 70-і шетелдік құрылтайшылар. Қазір жақын шетелдің 468 компаниясы Қазақстанға релокация бойынша кеңес алып жатыр.
Сонымен бірге Бағдат Мусин шетелдік компаниялар үшін Астана хабты, яғни Қазақстанды таңдау неліктен тиімді екенін түсіндірді.
«Бұл ретте технопаркте қандай жағдай жасалғанын қысқаша айтып өтейін: Арнайы салық тәртібі – хабта тіркелген компаниялар салық төлемейді, корпоративтік салық - 0%. ІТ-компанияларға мұндай жеңілдік 4 жыл бұрын жасалған. Көрші елдер мұндай жеңілдікті жуырда ғана енгізді, ал кейбір елдер енді ғана жоспарлап жатыр. Екіншісі – заманауи инфрақұрылым. 20 мың шаршы метрді арзан бағамен пайдалануға болады. Бұл офистер ғана емес, кездесу орындары, брейнсторминг мен тимбилдинг өткізетін жерлер. Оның үстіне, стартаптар – технопарк бағдарламаларының резиденттері хабта жұмыс алаңдарын тегін пайдалана алады. Үшіншісі – визалық қолдау. Біздің ІТ-хабта тіркелген компаниялардың жұмысшылары үшін виза алу мен миграциялық процестер жеңілдетілген. Біз тек тіркелу процесіне ғана емес, релокация мәселесінде де, яғни қызметкерлерді көшіру, үй-жай табу бойынша ұйымдастыру жұмыстарына да көмектесіп жатырмыз. Ал ЕАЭО елдерінің ІТ-мамандарына ештеңе рәсімдеудің де қажеті жоқ, бірден келіп, жұмыс істей беруге болады. Тек ЖСН алу керек, онлайн жасауға болады немесе біздің мамандар көмектеседі», - деп түсіндірді Б. Мусин.
Сонымен бірге, SEED stage кезеңінде венчурлық қаржыландыру қарастырылған. Хабтың өзі стартаптың бастама кезеңінде 40 мың долларға дейін салады.
«Венчурлық қаржыға қолжетімділік болмаса, біздің индустриядағы хаб дегеннің мәні болмайды. Инвестиция құюға тұрарлық стартаптарды табу мақсатында түрлі іс-шараларды жиі өткіземіз. Біздің серіктесіміз VC жыл сайын қызықты стартаптарға 100 млн долларға дейін бөлуге дайын. Одан бөлек, акселерация курстарына тегін қатысуға болады. Барлық командалар акселерация бойынша курстардан өткен. Бизнесін дамытқысы келетін жас стартаперлерге әлемнің кәсіби менторлары кеңес беріп, оқытып, бағыт-бағдар сілтейді. Мемлекет тарапынан жекеменшік инновациялық ІТ-мектептерге сұраныс бар. Яғни ІТ-мамандығын игергісі келетін кез-келген адам TechOrda бағдарламасы бойынша ІТ-ваучерге қол жеткізе алады. Және ІТ-ваучер кез-келген ІТ-мектепте жарамды», - дейді Бағдат Мусин.
Сонымен бірге, елге келмей-ақ, eGOV арқылы заңды тұлғаны тіркеуге болады. ЖСН мен ЭЦҚ-ны Қазақстан елшілігі береді.
«Қазақстанда ІТ-бизнесті іске қосу және релокация мәселелері бойынша телеграмда арнайы чат аштық – https://t.me/+uwNsTKMdI7oyZTUy. 3 мыңнан астам қатысушысы бар чатта хабтағы әріптестеріммен бірге түрлі сауалдарға жауап беріп жатыр. Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыс тұрып жатқан қонақжай ел. Біздің елдің игілігі үшін еңбектеніп, дамуына үлес қосатын кісілерге есігіміз ашық. Біздің елде еңбектеніп, заңды тұлға ашқысы келетіндер үшін Астана хабтың мамандары арнайы нұсқаулық әзірледі», - деп жазды Цифрлық даму министрі.