Байбек Назарбаевтың Құдайдан қандай белгі сұрағанын айтты

0
1 270

"Елбасы" фильмінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Назарбаевтың саяси болмысы мен адами қадір-қасиеті туралы бұрын ешқайда айтылмаған ақпараттармен бөліседі


Байбек Назарбаевтың Құдайдан қандай белгі сұрағанын айтты

ERNUR.KZ. "QAZAQSTAN" ұлттық арнасы "Елбасы" атты жаңа деректі фильмді әзірлеп шығарды. Аталған фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың серіктестері мен үзеңгілестері айтқан естеліктердің негізінде түсірілді. Сондай-ақ, тұңғыш президенттің өмірінен сирек кездесетін видиокадрлар қолданылды, деп жазады sputniknews.kz.

Фильмде Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Қытаймен арадағы шекараны бекіту шараларын еске алды. Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев өзге елдің басшыларымен саясаткер ретінде ғана емес, қарапайым адам ретінде де тығыз араласты. Соның арқасында біраз мәселе шешілді.

"Мысалы, Елбасымыз Қытай төрағасы Цзянь Цзэминьмен өте жақсы қарым-қатынаста болды. Тіпті, бауырлық қатынаста деуге болады. Соның негізінде ұзақ ғасырлар бойы, кеңестік кезеңде де бекітілмеген шекара мәселесіне Елбасы Цзянь Цзэминьмен достығы арқасында қысқа уақытта нүктесін қойды", - дейді Түймебаев.

Оның сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзянь Цзэминь арасындағы достықтың мықты болғаны сонша, екеуі ресми қабылдау кезінде ән айтып отыратын. Ал билікке Ху Цзиньтао келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір ресми сапармен барды. Сол кезде демалыста жүрген Цзянь Цзэминьнің қайда екенін біліп, үйіне арнайы барып қайтты. Тура солай Украинада жүргенде Леонид Кучмаға, ал Грузияда Эдуард Шеварнадзеге соғып кететін.

Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев болса, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру бастамасын еске алды. Сол кезде Кремльде сан алуан сыбыс тараған.

"Енді, Кремльдің ішінде әртүрлі топтар бар ғой. Сол кезде неге көшесіз деп сұрақ қойғанда, Елбасы өте керемет жауап берген. Ол айтты, Алматы Қазақстанның бір бұрышында, ал мен астананы Қазақстанның орталығында және Ресейге жақын орналастырғым келеді. Сіз Қазақстан мен Ресейдің тығыз қарым-қатынасына қарсысыз ба, деп жауап қатты", - дейді Көшербаев.

Ал "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Бразилияда болған бір жағдайды еске алды. Бір ретте Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегация Рио-де-Жанейроның символына айналған Иса пайғамбардың ескерткішіне барған. Аталған монумент 700 метр биіктікте орналасқан және әлемнің 7 кереметіне кіреді. Ол күні қатты жаңбыр болды. Тұман түсіп, ескерткіш көрінбей тұрған. Таңертеңнен бері жиналған халық та фотоға түсе алмады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев келіп, суретке түсейік дегенде, жел көтеріліп, ескерткіш көріне бастады.

"Елбасы бізге қарады да, айтты, енді Иисус Христос ол Иса пайғамбар ғой. Мен осы жерге келгенде ішімнен ойладым, о, құдай, маған бір белгі бер, Қазақстан, біздің халқымыз аман болсын, тыныштық болсын, қойған мақсаттарымызға жетейік, ел бірлігі болсын деп сендім, бір белгі берші деп сұрадым. Сондай керемет бір жақсы белгі болды", - дейді Байбек.

Фильмде сол сәттің видеосы да бар.

Айта кеткен жөн, деректі фильмде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед өз естеліктерімен бөлісіп, Назарбаевтың саяси болмысы мен адами қадір-қасиеттері туралы бұрын ешқайда айтылмаған ақпараттармен бөліседі.