​Байқоңыр ғарыш кешенінде пайдаланылмайтын нысандардың тағдыры белгілі болды

0
1 508

Өз кезегінде Асқар Жұмағалиев Ресей жағы ғарыш бағдарламасы бойынша оңтайландыру жұмыстарын атқарып жатқанын атап өтті.


​Байқоңыр ғарыш кешенінде пайдаланылмайтын нысандардың тағдыры белгілі болды

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Байқоңыр ғарыш кешенінде Ресей жағы пайдаланбайтын нысандар Қызылорда облысының әкімдігіне өткізілетінін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Отырыс барысында депутат Бейбіт Мамраев қазіргі кезде объективті себептермен Байқоңыр ғарыш кешенінің бірқатар бөлігін Ресей тарапы пайдаланбай отырғанын еске салды.

«Алдағы уақытта ғарыш кешені нысандарының сақталуы мен пайдалануын қалай жоспарлап отырсыздар?», - деп сұрады Б. Мамраев.

Өз кезегінде Асқар Жұмағалиев Ресей жағы ғарыш бағдарламасы бойынша оңтайландыру жұмыстарын атқарып жатқанын атап өтті.

«Сондықтан РФ тарапымен келіскеніміздей, қазіргі кезде пайдаланылмайтын нысандарды біз өзімізге мүлікке алып отырмыз. Болашақта осы нысандармен екі бағыт бойынша жұмыс істейміз. Біріншіден, ғарыш бағдарламасына сәйкес келмейтін нысандарды өзіміз пайдаланып, Қызылорда облысы әкімдігіне береміз. Олар инвесторларды, жеке кәсіпорындарды тарту шараларын пысықтайтын болады. Ал ғарыш бағдарламасына сәйкес келетін нысандармен өзіміз (министрлік) жұмыс істейміз. Қазіргі таңда бірінші жобалар жоспарланып жатыр. Алдағы уақытта бұл нысандар тиісті пайдасын көрсетеді», - деді Асқар Жұмағалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Бұл құжатқа сәйкес, Байқоңырда қазақстандық меморгандар тізбесі тағы 10 құрылымға толығады.