Қызылорда облысының билігі Байқоңырда туризм үшін барлық жағдай жасалады деп сендіріп отыр: қонақ үйлер, музейлер мен алаңдар ашылмақ.
ERNUR.KZ. "Байқоңыр" кешенінде туристік ойын-сауық аймағын құруға жүз миллион теңге бөлінді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Baikonyr Invest форумының пленарлы отырысының ашылуында мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Қазір арнайы экономикалық аймақ құру жобасы әзірленді, үкіметаралық комиссияның келісімі бар. Жергілікті бюджеттен "Байқоңыр" кешенінде туристік ойын-сауық аймағын құру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме үшін 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі таңда ТЭН құжаттары мемлдекеттік сараптамадан өтіп жатыр", - деді Ысқақов.
Ол арнайы экономикалық аймақ құрудағы басты мақсат "Байқоңыр" халықаралық ғарыш портын құру екенін атап өтті. Әкім, сондай-ақ, "Байқоңыр" кешенінде халықаралық туризмді дамытуға баса назар аударылатынын айтты.
"Байқоңыр" кешенінде және Байқоңыр қаласында халықаралық туризм үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Бізде осындай тапсырма бар. Халықаралық стандарттарға сай қонақ үйлер, жаңа нысандар, павильондар, музейлер, зымырандардың ұшу сәтін тамашалауға арналған алаңдар салынады", - деді аймақ басшысы.