Бүгінде Байқоңыр уақытша Ресейге жалға беріліп отыр.
ERNUR.KZ. Байқоңыр қаласында бір күнге ішімдік сатуға тыйым салынды. Ұлы Жеңіс күнінде дүкендерде алкоголь сатылмайды, деп жазады sputnik.kz.
Қаланың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және сауданы үйлестіру бөлімі таратқан ақпаратқа сәйкес, қала әкімшілігінің басшысы тиісті қаулы шығарды.
"Қала әкімшілігінің басшысы шығарған қаулы бойынша 9 мамырда қалада акоголь өнімдерінің бөлшек саудасына тыйым салынған. Алкогольдің кез келген түрін, соның ішінде сыра мен сыра сусындарын сатуға болмайды", - делінген ресми хабарламада.
Алайда қоғамдық тамақтану орындарында алкоголь сатыла береді. Осылайша, бүгін Байқоңыр қаласында тек дәмхана мен мейрамханада ғана алкоголь өнімдерін сатып алуға мүмкіндік бар.
Бүгінде Байқоңыр уақытша Ресейге жалға беріліп отыр. Сондықтан осы елдің заңнамасы бойынша шара қолданылады. Алгоколь өнімдерін сатуға қатысты талапты бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға 20-40 мың рубль (115 200 – 230 400 теңге), ал заңды тұлғаларға 100-300 мың рубль (576 000-1 728 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Алкоголь өнімдерін тәркілеуі де мүмкін.
Айта кетері, Байқоңырда балалар мен жастар мерекесі кезінде, сондай-ақ білім күнінде және мектеп бітіру кештері басталғанда алкоголь сатуға тыйым салынып отырады.