"Бәйтерек" холдингі "басқарма мүшелеріне берілетін сыйақыларға" қатысты түсініктеме берді

0
339

​​Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелеріне берілетін сыйақы туралы мәліметтер таралуда.


ERNUR.KZ. Осыған байланысты, Холдинг аталған төлемдер бойынша түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz.

Директорлар кеңесінің мүшелеріне төленетін төлемдерге қатысты былай делінген:

"Мемлекеттік мүлік туралы" ҚР Заңының 177-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің құрамына акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органының және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілдері кіреді. Бұл ретте, уәкілетті органдардың өкілдері "Мемлекеттік қызмет туралы" ҚР Заңының 50-бабына сәйкес, өздерінің мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларын атқарғаны үшін тұлға осындай функцияларды атқармайтын ұйымдардан ақша, қызмет көрсету және өзгеше түрде қандай-да бір сыйақы алмайды.

Осыған байланысты, холдингтің директорлар кеңесінің құрамындағы мемлекеттік құрылымдар өкілдеріне сыйақы төленбейді. Сыйақылар тек тәуелсіз директорларға ғана төленеді".

Басқарма мүшелеріне төленетін төлемдерге келер болсақ, былтыр "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ атқарушы органының мүшелеріне 292,4 млн теңге мөлшерінде сыйақы төленген. Холдинг бұл төлемдердің басқарма мүшелеріне 2021 жыл ішінде төленген жалақы мен ынталандыру ақылары екенін айтады.

"Бұл жерде салықтар ұсталғанға дейінгі сома берілген және көрсетілген кезең ішінде өзгерген Басқарманың 11 мүшесі бойынша төлемдер сондай-ақ 2021 жылы холдингке қосылған "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-ның атқарушы органының мүшелеріне төлемдер қамтылған",- деп түсіндірді холдингтен.

Айта кету керек, барлық төлемдер былтыр жұмыс істеген Директорлар кеңесі мен холдинг Басқармасы мүшелеріне берілген.

"Бұл төлемдердің Директорлар кеңесі мен Басқарманың 2022 жылы жұмысын бастаған мүшелеріне қатысы жоқ",- деп жазылған хабарламада.