Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды

0
1 223

Сауда және интеграция министрлігі ұлттық экономика министрлігінің ішкі және сыртқы сауда саясатын қалыптастыру және іске асыру, халықаралық экономикалық интеграция, тұтынушылардың құқықтарын қорғау ісімен айналысатын болады.


Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды

ERNUR.KZ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Бақыт Сұлтанов Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі болып тағайындалсын»,- делінген Жарлық мәтінінде.

Бақыт Тұрлыханұлы 1971 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Мамандығы инженер-электрик, экономист.

1994-1997 жж. - ҚР Қаржы министрлігінің жетекші экономисі, мемлекеттік бағалы қағаздар басқармасы бастығының орынбасары - бөлім бастығы.

1996-1997 жж. - ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Қазынашылық мемлекеттік қарыз және кассалық қаржы басқармасы бастығының орынбасары.

1997-1998 жж. - ҚР Қаржы министрлігі бюджеттік департамент директорының орынбасары, мемлекеттік сатып алу жөніндегі департамент директоры.

1998-1999 жж. - ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық департаменті директорының орынбасары.

1999-2002 жж. - ҚР Қаржы министрлігі бюджеттік департамент директорының орынбасары, мемлекеттік бюджет департаменті директорының орынбасары, директоры.

2002-2003 жж. - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджеттік саясат департаментінің директоры.

2003-2006 жж. - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары.

2006-2007 жж. - ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы министрінің орынбасары.

2007-2010 жж. - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі. 2010 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

2012 жылдың қаңтар-қараша аралығында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2013 жылдың қарашасынан 2014 жылдың тамызына дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-ҚР Қаржы министрі. 2014 жылдың тамызынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Қаржы министрі. 2018 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың маусым айына дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.