Бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың бірыңғай регистрі жасалады

0
851

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша республикада 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр.


Бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың бірыңғай регистрі жасалады

ERNUR.KZ. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі белсіздік пен бедеулікке шалдыққан жұптардың ұлттық бірыңғай регистрін дайындап жатыр. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Қазір денсаулық сақтау министрлігі бедеулік пен белсіздікке шалдыққан жұптардың бірыңғай регистрін әзірлеп жатыр. Жалпы бұл өте "сезімтал" мәселе. Өйткені ерлі-зайыптылардың көбі жеке мәліметтері, басындағы проблемасы туралы ақпарат біреуге қолжетімді болғанын қаламайды. Сол себептен олар жекеменшік клиникаға жүгінеді. Дәрігерлік құпия ережесіне сәйкес, олар жайлы ақпарат бізге қолжетімсіз болып тұр. Бірақ, бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Келесі жылы регистр дайын болады деген ойдамын", - деді Қожахметов онлайн брифингте.

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша республикада 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр.
Ол президент өз жолдауында 2021 жылы "Аңсаған сәби" бағдарламасын іске қосуды тапсырғанын еске салды. Оған жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге ниетті кез келген жұп қатыса алады.

"Пациент осы бағдарлама аясында жылына бір рет ЭКҰ жасай алады. Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры биыл 1105 ЭКҰ-ға 943 миллион 800 мың теңге қарастырған. Ал президент үкіметке келесі жылдан бастап квота санын 7 мыңға дейін, яғни жеті есеге ұлғайтуды тапсырды", - деді ол.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 26 ЭКҰ орталығы жұмысы істейді, оның 21-і – жекеменшік. Осы уақытқа дейін осындай жолмен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген.
ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне қосылған.