"Бала жай терезеден қараған": Құтқарылған бүлдіршіннің анасы Есдәулет Дәуітбековтің ерлік жасағанына сенбейтінін айтады

0
863

Кейбір тұрғындар оның шынымен баланы құтқарғанына күдіктеніп, жай қолдан қойылған қойылым деп есептеуде.


ERNUR.KZ. 13 шілдеде елордадағы "Шерқала" тұрғын үй кешенінде 17 жастағы Есдәулет Дәуітбеков жетінші қабаттың терезесіне мініп кеткен баланы аман алып қалды. Осы ерлігі үшін Есдәулетке пәтер мен жоғарғы оқу орнына грант берілген болатын. Алайда кейбір тұрғындар оның шынымен баланы құтқарғанына күдіктеніп, жай қолдан қойылған қойылым деп есептеуде, деп жазады Stan.kz.

Осы ерлігі үшін білім министрі Асхат Аймағамбетов жігітке Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқуға грант сыйласа, G-park құрылыс компаниясының басшысы оның отбасына қаладан үш бөлмелі пәтер сыйлады. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары ерліктің шындығына күмән келтірді. Олар құтқару жұмыстары пәтер алу үшін әдейі ұйымдастырылды деп болжауда.

Баланың анасы Есдәулеттің әрекетін ерлік деп санай ма?

Айжан Сағындықова – құтқарылған баланың анасы. Ол елордаға Қостанайдан қонаққа келгенін айтты. Әйел "Шерқала" тұрғын үй кешеніне жақында келген. Көршілерімен мүлде таныс емес екенін де жеткізді.

Сол күні Айжан бір ұлының тамағы ауырып, қызуы көтерілген соң, терезелерді жауып, дәріханаға шығып кеткен. Әйелдің айтуынша, ол он минуттай пәтерде болмаған.

"Келсем, терезе мен балкон ашық, балконның терезесі сынған. Үйде таныс емес жігіт жүр", – деді ол.

Айжан не болғанын сұрап, жауап ретінде балалардың сыртқа секірмек болғанын білген. Және оған болған жағдайдың суретін көрсеткен.

"Фотосуретте бала секірмеген, жай ғана көтеріліп, терезеден қараған. Бірақ бәрі оны секірді деп айтуда", – деді әйел.

Айжан үйде болғанда балалардың үнемі жабық терезеден төмен қарайтынын айтты.

"Бала тек қарап тұрған, секірмеді, тіпті терезені ашуға да үлгермеген. Адамдар дүрбелеңге салынып, дабыл қаққан", – деді Айжан.

Айжан жігіттің пәтерге неліктен терезе арқылы кіргенін әлі түсінбейді. Ол видеолардың бірінде жасөспірім өз пәтеріндегі балконға шықпақ болған кезде терезеде бала болмағанын айтты.

Сол кезде жанында болған Есдәулеттің досы не дейді?

“Біз сол күні кешке қарай футбол ойнап жүргенбіз. Кенет көршілердің бәрінің жоғарыға қарап тұрғанын көріп, не болғанын сұрай бастадық. Сол кезде терезенің торында анасын іздеп жылап тұрған кішкентай баланы көрдік. Біз не істерімізді білмей, көршілерге қарай көтерілдік. Көршілер де бізді көріп, терезе арқылы сыйып, өте алатынымызды айтты. Сол сәтте Есдәулет өтемін деп айтты”, – деді оның досы Мерей Қабылов.

Оның айтуынша, арнайы қызметтер оқиға орнына жігіттер аулаға қайтып келгеннен кейін келген.

Мерей сыныптасының жақсы адам екенін айтты. Сондай-ақ оған берілген грант өте пайдалы болғанын атап өтті. Өйткені Есдәулет жоғарғы оқу орнына түсіге қажетті бал жинай алмаған.

Есдәулеттің әрекеті туралы куәгерлер не дейді?

Осы кешеннің тағы бір тұрғыны Гүлзат Байжанова серуендеп келе жатып, ауладағы бір топ адамдарды көргенін айтады.

“Қарасам, терезенің шетінде бала тұр екен. Адамдар соны көріп айғайлап жатты”, – деді Гүлзат.

Сонымен қатар тұрғын терезедегі баланың артында екі жасар шамасындағы тағы бір баланы көргенін айтты.

"Ол жерде тағы бір бала болған сияқты. Сөйлемейтіні көрініп тұрды, айқайлап жатты. Осы кезде көрші терезеден жас жігіт шықты", – дейді Гүлзат Байжанова.

Тұрғынның айтуынша, Есдәулет балконға шықпақ болған кезде, оқиға орнында арнайы қызмет болмаған. Жақын жерде тұрған әйелдер жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар министрлігін шақырып үлгерген. Әйтсе де Есдәулет балконға шығып үлгерген соң, баланы алып, көпшілікке қол бұлғап, терезені жапқан. Сонымен қатар Гүлзат жігіттің ерлік жасағанына сенетінін айтты.

"Әрине, бұл – ерлік. Жетінші қабаттан құлап кетсе ше? Өзі мүгедек болып қалуы мүмкін ғой. Бұл үлкен тәуекел", – деді Гүлзат Байжанова.

Гүлзат жиналғандардың арасында жігіт құлап қалса, ұстап алатындай төсемдер қоюды өтінгенін, алайда сонда жүрген көп ер адамдардан ешкім оны құтқаруға ірекет етпегенін айтты.

Есдәулет Дәуітбековтің баланы қалай құтқарғанын Малика Құсайынова да өз көзімен көрген. Оның жас жігіттен алған шағын сұхбаты ғаламторда кеңінен тараған.

“Кішкентай бала мен қыз жетінші қабаттан құлап кетуі мүмкін еді ғой. Сол жерде барлық адам қарап тұрды, бірақ көмекке ұмтылғандар тіптен болмады. Сондықтан мен жүгіріп, көршілеріне көтерілдім. Олар балалардың анасның сырттарынан құлыптап, дүкенге кеткенін жетікізді. Төменге қайта түссем жігіттің сол жаққа шыққанын көрдім”, – деді Малика.

Әйелдің айтуынша, оқиға куәгерлері бала бүкіл денесін торға сүйеп тұрғандықтан, терезеден құлап кете ме деп қорыққан. Ол сондай-ақ құтқарып жатқан кездің кейбір бөлшектері бейнеге түспей қалғанын да түсіндірді.

“Айналада дүрбелең болды, бірақ бәрі жігіттің балконға тайғақ фарфордан жасалған тастан қалай көтерілмек болғанын түсіргісі келді. Бұның бәрі қолдан жасалып, ойластырылған қойылым дегенде мен ренжідім. Бұл қойылым емес. Бұл патриоттық сезім. Мен оны тіптен танымаймын, көршісі де туысы да емеспін. Сол кезде қаншама ересек ер адамдар тұрды. Біреуі де құтқаруға әрекеттенбеді. Неге басқалары қарап тұрды? Жігіт сол кезде өзі құлап кетсе мүгедек болар еді ғой. Бірақ ол қорықпады. Сондықтан ол шынымен пәтер мен оқу марапатына лайық”, – деп қосты Малика.

Еске салсақ, Нұр-Сұлтан қаласында жасөспірім жігіт жетінші қабаттан құлай жаздаған бүлдіршінді құтқарып қалған болатын. Кейін оның бұл ерлігі үшін пәтер мен жоғарғы оқу орнына грант сыйланды.