Балалар арасында химиялық күйік пен улану алғашқы орында тұр

0
3 063

Дәрігер маманның сөзінше, ең қиыны - химиялық заттың қанға өтіп кетуі. Себебі, олай болған жағдайда тікелей бүйрек пен бауырдың қызметіне зақым келеді.


Балалар арасында  химиялық күйік пен улану алғашқы орында тұр

ERNUR.KZ. Қалалық балалар ауруханасында балаларды тұрмыстық химиялық заттардан улану және күюден қорғау мәселесі қаралды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Күн өткен сайын бұл мәселе күрделеніп отыр. Балалар арасында өңеш аурулары ішінде химиялық күйік пен улану алғашқы орында тұр. Әсіресе бұл 1-5 жас аралығындағы балалар арасында жиі кездеседі. Химиялық заттардан күю оқиғасының көбеюіне бірінші себеп - химиялық заттардың балаларға қолжетімді жерде болуы. Екінші себеп - оның ыдыстарының көзтартарлық болуы, яғни сыртқы безендірілуі балалар үшін тартымды.Үшіншіден, оның қақпағының оңай ашылуы. Өкінішке қарай, жыл басынан бері 22 бала тұрмыстық химиялық заттардан уланып, күйік шалды. Тағы бір өкініштісі - балалар үлкендердің салғырттығынан және жете көңіл бөлмеуінен осындай жағдайға душар болып отыр. Яғни күйік шалу мен уланудың 80% балалардың химиялық заттарды абайсызда ішіп, жұтып қоюынан болған», - деді қалалық №2 балалар ауруханасының хирург дәрігері Серікжан Нұржанов.

Оның айтуынша, тұрмыстық химиялық заттардың бір жұтымы балалардың улануына немесе өңешінің күюіне жеткілікті. Балалар жиі зардап шегетін тұрмыстық заттар қатарына Comet, Domestos, Mr Мuscle, Утенок және тағы басқа сауда маркалары жатады. «Одан бөлек, тағам әзірлеу кезінде қосатын қоспалар және косметикалық бояулар бар. Жалпы, химиялық заттардан күю дәрежесі үшке бөлінеді. Біріншісі - күйіп қызарып қалу, күйік орнының терісі қайта түлеп шамамен 2 аптаның ішінде жазылады. Екінші дәреже - терінің немесе асқазан, жұтқыншақтың шырышты қабаттары мен бұлшықеттерінің күюі. Бұл тыртыққа алып келмейді, бірақ оның жазылу уақыты ұзағырақ. Ал ең ауыр дәрежесі үшіншісі - одан бүкіл тыныс жолдары зардап шегеді. Сондай-ақ, тыртық пайда болуымен қатар, баланың ішкі құрылыстары зақымданады»,- дейді ол.

Дәрігер маманның сөзінше, ең қиыны - химиялық заттың қанға өтіп кетуі. Себебі, олай болған жағдайда тікелей бүйрек пен бауырдың қызметіне зақым келеді.

«Бала химиялық заттарды ішіп қойған жағдайда жедел жәрдем келем дегенше оның ауыз қуысын шаю керек, сондай-ақ, көп сұйықтық беріп, құстыру қажет. Алғашқы көмектің бұл түрін балабақша, мектеп, ЖОО қабырғасында арнайы лекция оқып түсіндірген абзал. Сонымен қатар, ата-аналар арасында да түсіндіру жұмыстарын жиі ұйымдастырған жөн», - деді хирург дәрігер.

Қалалық №2 балалар ауруханасының мәліметіне сүйенсек, соңғы екі жылда ауруханаға тұрмыстық химиялық заттардан зардап шеккен 200-ге жуық бала жатқызылған.