Балалардың тұтыну себеті енгізіле ме – вице-премьер жауап берді

0
1 317

Қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік қоржынына тәулігіне 2175 ккал энергетикалық құндылықты қамтамасыз ететін тамақ өнімдерінің 43 атауы кіреді.


Балалардың тұтыну себеті енгізіле ме – вице-премьер жауап берді

ERNUR.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов балалардың тұтыну себетін енгізу мүмкіндігі туралы түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Балаларға арнап жеке тұтыну себетін енгізу туралы депуттатық сауалға жауап берген вице-премьер бұл ұсыныстың қазір орынсыз екенін түсіндірген.

«Бір адамға шаққандағы ең төменгі ақшалай табысты анықтау үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі қолданылады. Ол адам өмірін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік өнімдерінің, тауарлар мен қызметтердің ең төменгі жиынтығын білдіреді. Оның мөлшері балаларды қоса алғанда жан басына шаққанда және халықтың жыныстық-жас топтары бойынша есептеледі», - деген Ералы Тоғжанов өз жауабында.

Оның айтуынша, қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік қоржынына тәулігіне 2175 ккал энергетикалық құндылықты қамтамасыз ететін тамақ өнімдерінің 43 атауы кіреді. Бұл тізім Тамақтану институтының ұсынымдарына және Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тамақтану талаптарына сәйкес жасалған.

«Осыған байланысты, балалар тұтыну қоржынын жеке есептеуді мерзімінен бұрын деп санаймыз», - деді Ералы Тоғжанов.