Баланың жазғы демалысының шырқын бұзса, бізге хабарласыңыз - Денсаулық сақтау министрлігі

0
1 338

Ата-аналар демалыс орындарындағы жағдайды, тамақтың сапасы, лагерьдегі заңбұзушылықтарға қатысты шағымданып, ұсыныс айта алады.


Баланың жазғы демалысының шырқын бұзса, бізге хабарласыңыз - Денсаулық сақтау министрлігі

фото: dsm.gov.kz

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі лагерьлердегі балалар демалысының сапасын бағалауға арналған жедел желіні іске қосады, деп жазады Алтайньюс.

Ата-аналар 3 маусымнан бастап 8(7172)74-18-64 нөміріне хабарласып, демалыс орындарындағы жағдайды, тамақтың сапасы, лагерьдегі заңбұзушылықтарға қатысты шағымданып, пікір қалдырып, ұсыныс айта алады.

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, балаларға арналған 7 мың сауықтыру орталығы, қала сыртында орналасқан 236 балалар лагері министрліктің бақылауында тұр екен.

- «Бәріңізге белгілі, ата-аналар ұл мен қызының жазғы демалысы үшін лагерь таңдағанда, ең алдымен тұратын жері мен тамағына мән береді. Соңғы 3 жылда лагерьлердегі азық-түлік сапасы тұрақты, сауықтыру орталықтарында жаппай астан улану тіркелген жоқ», -дейді вице-министр.

Қазіргі таңда министрлік сауықтыру орталықтарының дайындығы мен жұмыс істеуге рұқсат ететін құжаттарды әзірлеу бойынша бірқатар шаралар атқаруда. Тауарлар мен қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтында санитарлық-эпидемиологиялық тексеруден өткен мекемелердің мониторингі апта сайын жаңарып отырады.

Барлық талапқа сай, жайлы демалыс ұйымдастыраптын лагерьлердің тізімін комитеттің сайтынан қарауға болады.

Еліміздің оңтүстігіндегі (Шымкент, Алматы қаласы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы) сауықтыру мекемелері маусымның 1-і мен 10-ы аралығында, өзге өңірлерде маусымның 15-і мен 20-сы аралығында ашылады деп жоспарланған.