Балқаш жұрты жаңа құрылатын Ұлытау облысына қосылуға қарсы

0
647

400 шақырым жердегі Қарағандыны алыс деп жүргенде, Жезқазған тіпті жеткізбейін деп тұр дейді жергілікті жұрт.


Балқаш жұрты жаңа құрылатын Ұлытау облысына қосылуға қарсы

фото: ғаламтордан

Балқаш қаласының тұрғындары жаңадан құрылатын Ұлытау облысына қосылуға қарсылық білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Қарағанды облысының тұрғындары петиция жазудан жарысып жатыр. Балқаш жұрты жаңа құрылатын Ұлытау облысына қосылуға қарсы. Айтуларынша, Балқаш қаласынан Жезқазғанға дейін жол шалғай. Ал Ағадыр кентінің тұрғындары елдімекенге бұрынғы аудан орталығы статусын қайтарып беруді сұрап президентке үндеу жолдады.

Ағадыр кенті 1997 жылы аудан статусынан айырылып, Шет ауданының құрамына кірген. Бұрынғы ауданда 23 мыңнан аса тұрғын бар. Он теміржол бекеті, бес ауыл мен екі өндіріс орны жұмыс істейді. Тұрғындардың айтуынша, инфроқұрылымы мықты, темір жолдың ірі торабы орналасқан кент аудан орталығы болуға әбден лайық.

Ал Балқаш қаласының тұрғындары соңғы жаңалықтарға қуана қоймаған. Егер Кеңестер кезіндегі Жезқазған облысының аумағы сол қалпына қайта келсе, облыс орталығы алыстап кетеді. 400 шақырым жердегі Қарағандыны алыс деп жүргенде, Жезқазған тіпті жеткізбейін деп тұр дейді жергілікті жұрт. Оның үстіне Қарағанды мен арадағы автобан құрылысы да аяқталып қалды. Жұрт орталыққа жақсы жолмен жайлы жетуді көп жыл бойы армандаған. Ал жергілікті билік халықтың бұл тілегін карта сызатындарға жеткіземіз дейді.

"Экономикалық жағдайын айтпағанда Балқаш қаласының қариялары, мүмкіндігі шектеулі жандардың емделуге, ем-шараға баруына жолдың ұзақтығы қиындық тудырары сөзсіз. Сондықтан да біз, балқаштықтар, Ұлытау облысына қосылуға қарсымыз", - дейді Балқаш қаласының тұрғыны Нұрдос Кәрім.

Еске сала кетсек, 16 наурызда жолдау барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жаңа облыс құрылатынын айтты. Семей аймағында Абай облысы, бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады. Сондай-ақ Алматы облысының қазіргі территориясы екіге бөлініп, екі облыс болмақ.