Балқашта жүк пойызы әйелді қағып кетті.
ERNUR.KZ. Балқашта жүк пойызы егде әйелді қағып кетті, деп жазады Tengrinews.kz.
Марқұм жұмысшы кентінің тұрғыны. Ол ауыл мен Балқаш арасындағы учаскеде темір жолды кесіп өтіп бара жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмның есту қабілеті нашар болған. Жолда келе жатқан адамды байқаған пойыз машинисі шұғыл тежеуге тырысқанымен, соқтығысты болдырмау мүмкін болмаған. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
"Аталған факт бойынша Қарағанды-Сортировочная стансасындағы желілік полиция бөлімшесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі "Жол қозғалысы немесе темір жол көлігін пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиға бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ департамент тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жариялауға жатпайтынын қосты.