​Балқаштың су деңгейі 12 см-ге көтерілді

0
159

Су көлемі 2 млрд текше метрге ұлғайды.


​Балқаштың су деңгейі 12 см-ге көтерілді

Фото: Су ресурстары және иррригация министрлігі

ERNUR.KZ. Бір жылда Балқаш көлінде су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге дейін, яғни 12 сантиметрге көтерілді, деп жазады inform.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, су көлемі 2 млрд текше метрге ұлғайды. 2025 жылдың басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқашқа 3,8 млрд текше метр су жіберілді. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 2,9 млрд текше метр болатын. Бұл өңірдің экологиялық ахуалына және Іле өзенінің сағасына оң әсерін тигізіп отыр. Қапшағай су қоймасын толтыру Ақдала және Шеңгелді суармалы алқаптарында суару маусымын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Балқаш көліндегі су көлемі трансшекаралық Іле өзеніне байланысты. Өзен ағысы Қапшағай су қоймасы арқылы реттеледі. Биыл су қоймасынан Балқашқа 12 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

— Министрлік Балқаш көліне қажетті су көлемін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Келесі аптада Франциядан келген сарапшылармен бірге Балқашты сақтау бойынша 2040 жылға дейінгі мастер-жоспарды әзірлеу мәселесін талқылаймыз. Былтыр біз көл алабын бірлесіп зерттеу туралы келісімге қол жеткізгенімізді еске салғым келеді, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.