Экология министрлігі балық шаруашылығына субсидия беру ұсынысын қолдайды.
ERNUR.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырауда ірі балық өндіруші кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. "Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты" РМКК-дегі шараға Атырау облыстық әкімдік өкілдері, "BD – Балық шаруашылығы қауымдастығы" ЗТБ, саладағы бірнеше кәсіпорын басшылары қатысып, балық шаруашылығындағы проблемалар көтерілді, деп жазады zakon.kz.
Министр Мырзағалиев балық шаруашылығында өңірдің алатын орны ерекше екенін, қазір мемлекет тарапынан бұл салағы көп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
"Қазақстанда ауланатын балықтың отызға жуық пайызы (29,2 пайыз, 13,0 мың тонна) осы облысқа тиесілі. Каспийге құятын екі ірі балық шаруашылығы су айдындары – Жайық пен Қиғаш өзендерінде 20 табиғат пайдаланушы өз кәсіптерін іске асырып жатыр... Балық өсірумен қатар балық аулаудың атыраулық балықшыларға маңызды екенін біз есептен шығармаймыз. Әсіресе Каспийде теңіз балықтары игерілмей жатқанын ескерсек, өңірде балық аулау көлемін одан да арттыруға болады.. Осы шаруашылықтың дамуына серпін беретін ұсыныстар болып жатса, біз бірлесіп қарауға әзірміз", - деді министр.
Жиында кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен субсидиялау бойынша ұсыныстар білдірді. Министр бұл бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
"Бұл мәселелер Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері сияқты басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауды және келісуді талап етеді. Сондықтан біз тиісті өзгерістер енгізу үшін сіздің тараптан нақты есептер (расчеты) мен негіздемелер қажет. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне аталған мәселелерді сіздермен бірлесіп қарауды тапсырамын. Көтерілген мәселелер оң шешімін тапқан жағдайда балық шаруашылығының әлеуеті көтеріліп, кәсіпкерлердің жұмысы одан әрі жанданатыны сөзсіз", - деді М.Мырзағалиев.
Министр барлық жергілікті балық шаруашылығы өкілдерін 24 қыркүйекте Премьер-Министр Асқар Маминнің қатысуымен Шардара қаласында өтетін балық шаруашылығы бойынша республикалық семинарға қатысуға шақырды. Онда кәсіпкерлерге балық аулау мен балық өсіруді қатар жүргізу тәжірибесі таныстырылмақ.
Еске салсақ, балық саласындағы өңірдің ерекшелігін ескере отырып, 27 ақпанда Атырау қаласында Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы Үкіметтің жиналысы өткен. Оған Премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы Мамин төрағалық етті. Сол кезде Үкімет басшысы берген тапсырмалардың біразы шешімін тауып жатыр. Айталық, атыраулық балықшылардың өтініші бойынша Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балық аулау мерзімдері ұзартылды.
Сонымен бірге, осы жылдың 18 тамызында балық шаруашылығының перспективалары бойынша Үкіметі отырысы болды. Нәтижесінде 1 қарашаға дейін облыс әкімдіктеріне балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу тапсырылды. Бұл аймақтарда, оның ішінде Атырау облысында да балық шаруашылығын қарқынды дамытуға өз септігін тигізбек.
Айта кетсек, Атырау облысында кәсіптік балық аулау жүзеге асырылатын 3 су қоймасы орналасқан. Олар: Орал, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінің Қазақстандағы бөлігі. 2020 жылдың 8 айында Атырау облыстық инспекциясы қызметкерлері 752 тұлғаға қатысты 1301 табиғатты қорғау заңын бұзу фактісін тіркеген. Оларға жалпы құны 14,9 млн теңге айыппұл салынып, 11,5 млн теңгесі өндірілді. Құқық бұзушылардан 11,1 тонна частик тұқымдас балық, 9 кг бекіре, 1484 балық аулау құралы тәркіленді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, ІІМ және Ұлттық қауіпсідік комитеті бірлесе өткізген 2020 жылдың 1 сәуірі мен 31 мамыр аралығындағы "Бекіре-2020" балықты қорғау акциясы аясында 1129 табиғатты қорғау заңын бұзу фактісі тіркелді. Оның 883-Атырау облысына тиесілі. Балық қорғау саласы, полиция және шекара қызметшілері заңсыз айналымнан 13,9 тонна балық тәркіледі.