​Банкрот болған «Астана Банкінен» ақшаны қалай қайтарып алуға болады

0
1 608

Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді.


​Банкрот болған «Астана Банкінен» ақшаны қалай қайтарып алуға болады

ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық банкі «Астана Банкі» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енгенін еске салып, салымшылардың ақшаларын қайтару процедураларын түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер «Астана Банкі» АҚ-ның салымдары, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақшаларын қайтарып алуға құқылы. Өтемақы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) ақшалай қаражатынан жинақталған сыйақыны есептегенде банктік шоттағы немесе төлем карточкасындағы салым, ақша қалдығының сомасы шегінде, бірақ мынадай депозиттер бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасынан аспайтын мөлшерде төленеді:

- 10 миллион теңге – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша,

- 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша,

- 15 миллион теңге – бір салымшының «Астана Банкі» АҚ-да бірмезгілде теңгемен және шетел валютасында орналастырылған депозиттері бойынша (бірақ шетел валютасындағы депозит бойынша баламасы 5 миллион теңгеден аспауы тиіс).

Сыйақы 2019 жылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша капиталдандырылған сыйақы (салымдарды, банктік шоттарды немесе төлем карточкаларын қоса алғанда, депозиттік шоттарға төленген) сомасының шегінде өтеледі. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді: өтемақының сомасын есептеу үшін 2019 жылғы 9 қаңтардағы нарықтық айырбастау бағамы қолданылады.

Агент банк ретінде «Еуразиялық банк» АҚ таңдалған. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» аталған банкті қажетті қаражатпен қамтамасыз ететін болады.

«ҚДКҚ «Астана Банкінің» барлық 275 мың салымшысына төлем жасау үшін «Еуразиялық банкті» 37,5 миллиард теңге мөлшерінде ақшалай қаражатпен қамтамасыз етеді. «Астана Банкі» АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдау және өтемақы төлеу «Еуразиялық банк» АҚ-тың Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде орналасқан барлық 17 филиалы мен 126 бөлімшесінде 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап 26 шілдеге дейінгі алты ай ішінде жүргізілетін болады», - делінген Ұлттық банк ақпаратында.